Нұржан Мұхамеджанова, 31 арнаның Бас продюсері: «Ең бастысы, өмірге оң көзбен қарау керек»

12.12.16

Нұржан Жалауқызы – телевизия және радио саласында еліміз бен шетелдерде аты мәлім кәсіби тұлға. Ол өзінің қажырлы еңбегінің, мақсатқойғыштығының, кеңпейілдігінің арқасында өмір жолында биік шыңдарды бағындырып,  әріптестерінің зор құрметіне ие болған жан. Осы жылдың қараша айында Нұржан Мұхамеджанова «Қазақстан» ТРК Басқарма Төрайымы қызметінен ауысып, өзінің бұрынғы қызмет еткен жері 31 арнаға Бас продюсер болып келді. Редакциямызға берген сұхбатында ол кәсіби табысқа және отбасы бақытына қалай қол жеткізуге болатыны жайындағы құпиясымен бөлісті. 

 

– Нұржан Жалауқызы, сіз телевизия саласында тәжірибесі мол тұлғасыз. Сүйікті арнаңызға қайтып оралғанда қандай сезімде болдыңыз?  

– Ең алдымен бұрынғы әріптестерімнің, достарымның ортасына қайтып оралғанымды сезіндім. Дегенмен, «Қазақстан» телерадиокорпорациясында да жаныма жақын болып кеткен әріптестерім, достарым қалды. Олармен телевизияға, жұмысымызға, кәсібімізге деген сүйіспеншілігіміз ортақ еді. Мен университетті бітіргеннен кейін Қазақ радиосында 13,5 жыл қызмет етіп, қатардағы редакторынан бастап Бас директорына дейінгі еңбек жолын жүріп өтіп, телерадиожурналистиканың үлкен мектебін көрдім. Ал одан кейін, яғни соңғы 20 жылымды телевизия саласына арнадым. Сондықтан қазір көңіл–күйім керемет, бойымда күш–қуатым тасып тұр. Менің өмірлік ұраным – бәрі енді басталды...

– 31 арнада Сізді қандай міндеттер күтіп тұр?  

– 31 арна отбасылық, ойын–сауық арнасы ретінде өзінің орнын қалыптастырып, өзінің мақсатты аудиториясын анықтаған телеарна және осы бағытта жақсы дамып келеді. Бұған тек қана мұндағы шығармашыл топтың емес, біздің көрермендеріміздің де еңбегі зор. Біз ары қарай да елдің сұранысын қанағаттандыратын қызықты төл туындыларымызды өндіруді, бүкіл отбасына арналған ең таңдаулы фильмдер мен мультфильмдерді көрсетуді жалғастыра береміз. 

– 31 арнаның Бас директоры Бағдат Қожахметов жақында біз сөзінде соңғы жылдары жарнама нарығында табыстың төмендеп кеткенін тілге тиек етті. Бұл ахуал болашақта, яғни 2017 жылы арналарыңызда төл бағдарлама өндіруге әсер етеді деп ойламайсыз ба?

–  Иә, соңғы бес жылда жарнама нарығы шынымен де қиын кезеңді бастан кешіргенін айту керек. Егер 2007–2008 жылдары Қазақстанда жарнамадан түсетін табыс 170 миллион долларды, 2011 жылы 140 миллион долларды құраса,  қазір, соңғы кездегі экономикалық ахуалға байланысты табыс 50 миллион долларға төмендеп кеткен. 2017 жылы жарнама көлемі аздап өседі деген болжам бар, ірі жарнама берішулер қайтадан аяққа тұрып, халықтың төлем жүргізу қабілеті артады деп үміттеніп отырмыз. 

Биыл елімізде жаңадан Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылып, мемлекеттік қана емес, жеке телеарналарға да қолдау көрсетуге күш салып жатыр. Біз де одан көп үміт күтеміз. Бұл біз үшін маңызды, өйткені мемлекеттік ақпараттық саясатты мемлекеттік арналар  арқылы жүргізген жеткіліксіз. Оған ұлттық масштабтағы мемлекеттік емес БАҚ пен аймақтық БАҚ–тар да үлес қосуы керек.  Бұл саясаттың ең басты мақсаты – көрерменнің сеніміне ие болу. Көрермердер БАҚ–қа сенуі үшін контентке қаражат салу керек. Әрине, нәтиже бірден емес, бірнеше жылдан кейін көрінеді. Мәселен, өкінішке орай, қазіргі уақытта жастарға діни, адамгершілік тұрғыдан тәрбие беру мәселесі босаңсып кеткені жасырын емес. Оларды бетімен жіберуге болмайды. Мемлекеттік органдар бұл жағдайды жіті бақылауға алды және осыған байланысты үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Мұндай жұмыстарды атқаруда барлық бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. Әлеуметтік желілер де, бұқаралық ақпарат құралдары да мұндай өзекті мәселелер жайында ақпараттандырып қоймай, сонымен бірге түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тиіс. Бәріміз бала тәрбиелеп отырмыз. Өзімнің үш немерем бар. Сондықтан олардың ержеткенде қандай адам болатыны, қандай кітап оқып, не көретіні, кімге еліктейтіні мен үшін өте маңызды.

 

– Бұл айтып отырған тәрбие жұмыстарын сіз қызмет ететін ойын–сауық арнасында жүргізу, жүзеге асыру мүмкін бе?

– Мүмкін болғанда қандай! Тәрбиені әзілмен астарлап отырып та беруге болады. «Жақсы деген не, жаман деген не» дегендей классикалық сұраққа  300 беттік роман жазып та жауап беруге болады, 30 минуттық жоба арқылы да жауап беруге болады. Алайда оған шығармашылық тәсіл, дайындықпен бірге телевизияның жаңа технологияларын да пайдалану керек. Ал ол үшін қаржылық мүмкіндігің болуы шарт.  

– Қазіргі таңда интернет, әлеуметтік желі қарқынды дамып келеді, біраз жылдан кейін ешкім теледидар көрмейді деген пікірлер де бар. Бұл туралы не ойлайсыз?

–   «Москва слезам не верит» деген әйгілі фильмде «20 жылдан кейін елдің бәрі тек қана теледидар көреді» деп айтушы еді ғой. Біздің де өмірімізге жаңа гаджеттер еніп жатыр. Тек мұның бәрі ақпарат алуға арналған жаңа арналар екенін ұмытпау керек. Меніңше, алдағы 15–20 жылда телеарналар сапалы контент беретін маңызды ақпарат көзі болып қалады деп ойлаймын. Иә, қазірде ақпараттан бастап телехикаяға дейін кез келген мазмұндағы бейнеконтентті интернеттен алуға, кешіктіріп көруге болады. Алайда бұл «жаңалықтардың» бәрі «әзірге» жаңа технологияны меңгергендерге ғана қолжетімді. Ал басқа көрермендер жақын арада теледидармен қоштасады деп ойламаймын. 

Менің немерелерім таңертеңгісін қазақстандық арналарды қосып, дамытатын бағдарламалар, мульфильмдер көреді. Және мені біздің елде балалардың сұранысына сай контенттер бары қуантады. Иә, Интернеттің арқасында қазірде көпшілігіміз ақпаратты жылдам аламыз. Дегенмен, көрермендер әлі күнге күн сайын «Информбюро» жаңалықтары мен басқа бағдарламаларды асыға күтеді. Біз де оларға еліміз бен әлемде орын алып жатқан хабарларды объективті түрде жеткізуге тырысып келеміз. 

– Сіз «Информбюроның» болашағын қалай елестетесіз?

– Информбюро қоғамды ақпараттандыруға бар күшін салып келеді, сонымен бірге, көрермендердің өздерін қатыстыру арқылы халыққа қызықты бейнетүзілімдер жасауды дамытамыз деп отырмыз. Біз журналистерді  мейлінше объективті болуға және тек қана үйлесімді сюжеттер жасауға шақырамыз. Біздің мақсатымыз жаңалықтарды тек қана жағымсыз жағынан көрсетіп, дүниені түңілту емес, жағдайдан шығудың жолын табуға көмектесу. Бұл біздің елге көмек беруге дайын екенімізді көрсетеді. Менің тілегім, балаларымыз да, жастар да, ересектер де өмірге оң көзбен қараса екен. 

Біз  өз телеарнамыз арқылы адамдарды өмірді сүюге, жақындарын, қоршаған ортаны жақсы көруге үгіттеп, өмір сүріп жүргенімізге, жер бетінде бейбітшілік барына шүкіршілік етіп, қуануға шақырғымыз келеді.  

– Қазіргі таңда көрермендерді не қызықтырады? Олар телеарнадан не күтеді?

–  Көрермен орын алып жатқан үдерістерге үлес қосқысы келеді, бізбен тығыз байланыс орнатып, сұрақтарына тез жауап алғысы келеді. Бұл тележүргізушілер мен телепродюсерлердің ізденуіне, өсуіне үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде тележүргізушілер жай ғана «мәтін оқушы» емес, сонымен бірге, көрермендерге дайын контентті ұсынып қана қоймай, орын алып жатқан оқиғаларға олардың өзін қатыстырып, өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік беретін психологтың да, көрегеннің де, ұстаздың да рөлін атқаруы тиіс. Көрермендеріміз де, оқырмандарымыз да БАҚ–қа қандай да бір қиындықтарын шешуге қол ұшын беретін орын деп қарайтыны жасырын емес.  Ал біздің мақсатымыз – олардың сенімін ақтау. Уақытында ақпарат беріп, қолдау көрсетіп, мәселемен келгендерге көмектесу – біздің басты міндетіміз. БАҚ – өмірдің айнасы деп бекер айтпайды ғой. 

Көрермен біздің арнадағы ойын–сауық бағдарламаларын ризашылықпен тамашалайды. Біз де бұл форматтан ауытқымай, отбасылық көрсетілімге арналған хабарлар дайындауды жалғастыра бермекпіз. Танымал тұлғаларды басқа қырынан танытатын жобалар, жұлдыздардың, белгілі адамдардың өмірінен алынған эксклюзивті материалдар ұсынамыз. Жоспарымызда отандық телехикая түсіруді жалғастыру да бар.  

– Нұржан Жалауқызы, отандық медиа–нарықта, негізінен, қандай даму тенденциялары байқалады? 

– Ақпарат құралдарының басшылары қызметкерлерінің мамандықтары бойынша біліктілігін арттыруды қолға алғаны қуантады. Арнайы тақырыптарға жазатын журналистер тобы пайда болды. Журналистердің өзін–өзі дамытып, шетел тілдерін үйренуге, соның ішінде «Болашақ» президенттік бағдарламасымен оқуға талпынатыны жақсы үрдіс.  

Техникалық қызметкерлердің, операторлардың, режиссерлердің рөлі артып, визуалдау күшейіп келеді, арнайы әсер беру жанданып, жаңа технологиялар пайда болды.  Жуырда мен АҚШ президентінің сайлауын, бұл хабардың әлемдік телеарналар арқылы қалай тарағанын бақылап отырып, қазақстандық телеарналардың да 2015 және 2016 жылдары Қазақстанда өткен сайлау кезінде дәл осындай алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланып хабар таратқанын есіме түсірдім. Яғни, телеарнадағы бейнеконтентті мейлінше жан–жақты визуалдау үшін Тачскрин (touchscreen), VIZART мүмкіндіктері пайдаланылды. 

Қазіргі таңда медиа–нарықта біздің жаңа Министрліктің жарнама нарығын тірілту, соның ішінде, кейбір өнімдердің, әсіресе фармацевтикалық өнімдердің жарнамасын экранға қайтару шараларын қолға алғаны қызу талқыланып жатыр және қолдау тапты. Нарық бар жерде БАҚ оны қолдауы тиіс. Әлбетте, зиянын да ескертуді ұмытпау керек.

Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде жекеменшік БАҚ–қа қолдау көрсетуді қолға алғаннан бері мемлекеттен бөлінетін қаражатты тиімді пайдалану мәселесі де бірге көтерілді. Сондықтан барлық жауапкершілік біздің, яғни басшылардың қолында, ал нәтиже беретін, ең алдымен, өндірілетін жобаның жоғары рейтингі мен үлесі.  

– Тым күрделі мәселелерге ауысып кеттік. Мен сіздің отбасыңыз жайында сұрайын дегенмін. Сіз өте жан–жақты, белсенді жансыз. Ата–анаңыздан қандай тәрбие алғаныңызды айта отырсаңыз деп едім, себебі барлығыңыз өте тату, шетінен табысты екенсіздер.       

– Мен қарапайым мектеп мұғалімінің қызымын. Анам үй тәрбиесіндегі әйел. Әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы. Оның 6 сыныптан бастап маған сынып жетекші болғанын үнемі мақтанышпен айтып отырамын. Ата–анамыз, бізді, яғни бес баласын жан–жақты етіп тәрбиелеуге тырысты, ең бастысы, тәрбиенің негізгі өзегін солардан алдық. Біздің әулетте көркем әдебиет оқуға ерекше көңіл бөлінді. Мен 6–шы сыныптан бастап журналистика мамандығы бойынша оқуға түсетінімді білдім, үйдегілерге де айттым, қазақ радиосы үшін материалдар әзірлейтінмін, әртүрлі тақырыпта шығармалар жазатынмын. Менің құрдастарым жайындағы шығармам көп ұзамай Қазақ Радиосынан, одан соң республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрді. Сондықтан алғашқы қаламақымды 6–шы сыныпты алдым десем болады. 

Мектепті бітірген соң журфакқа оқуға түстім. Алғашқы оқу жылында, бірінші семестрде екі бірдей «екі» деген баға алып, 40 рубль шәкіртақымнан айырылып қалғаным әлі есімде. Ол кезде, 1977 жылы бұл сома студент үшін аз ақша емес еді. Осы оқиғадан кейін көңілім түсіп, ата–анамның алдында қатты ұялдым. Содан кейін бар күшімді салып оқып, барлық емтиханды «беске» тапсырып, жоғары шәкіртақы алдым. Ал үшінші курстан бастап Лениндік шәкіртақы иегері атандым. Сол кезден бастап алға мақсат қойып, қорықпай алға қадам басу керектігін түйсіндім.

 Біз отбасында бес баламыз: ағам, әпкем, содан соң мен, менен кейін тағы екі інім бар. Ата–анамыз біздің білім алуымызға бар жағдайды жасады. Бәріміз  жоғарғы оқу орнына  түсіп, оны сәтті аяқтап, өзіміз қалаған кәсіп иесі атандық. Ең кенжеміз – медицина ғылымдарының кандидаты, екінші інім – Ленинград университетін бітірген, қазірде физика–математика ғылымдарының кандидаты. Ағам – инженер–энергетик, экономист. Әпкем – тарих пәнінің мұғалімі. Ата–анамыз бізді жан–жақты етіп өсіруге тырысты. Оқудан тыс уақытта спортпен айналысатынбыз, көркем әдебиет оқитынбыз, бір–бірімізбен кітаптан алған әсерімізді бөлісетінбіз. Анам бізге бағыт–бағдар беріп, сабаққа дайындалуға көмектесетін. Ол кісі бізбен бірге бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін  бес рет оқып шықты (күледі). 

Қызым Бақыт менің жолымды қуған жоқ. «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша білім алды. Қазір өзінің жеке кәсібі бар. Менің үш жиенім бар, күйеу балам өте тәрбиелі жігіт, отбасы, балалары дегенде жанын беруге дайын.  Ең үлкен ұлдары Әмірхан Эфенің жасы алты жарымда, қыздары Әлима–Нұр төрт жарымда, кішісі Әмір–сұлтан екі жарымда. Бәрі де өте зерек, білімге құштар бала болып өсіп келеді. Балаларға арналған энциклопедиялар оқиды. Мәселен, үлкен жиеніме адамның дене құрылысын зерттеген ұнаса, ортаншым түрлі–түсті пазлдар құрастырады. Негізінен, біз қарапайым отбасымыз. Біз үшін бұл өмірде жалпы адами құндылықтар  әрдайым бірінші орында.    

– Сіздің ойыңызша, адамның қандай қасиеті басты орында болуы шарт?

–  Жауапкершілік, мақсат қойғыштық және еңбекқорлық. Қашанда жалықпай еңбек етіп, талмай дамып отыру керек. Сонымен бірге, өмірді жақсы көру. Менің мамандықтан жолым болды. Еңбек жолымды қарапайым тілшіден бастап, «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының басқарма төрайымына дейін жүріп өттім. Ол аралықта Президентіміздің баспасөз қызметінде, Халықаралық журналистикалық ұйымда қызмет еттім. Соңғы он жылда мен «31 арна» компаниялар тобының басшысы қызметі мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы қызметін қатар алып жүрдім.  Қайда барсам да, жай ғана басшы болуға емес, ойынға қатысушы бапкер болуға тырыстым. Командамен бірге жасап, бірге табысқа жеттім. Ал қазір 31 арнаға шақырғанына, осында қайтып келгеніме қуаныштымын. Өз басым жұмыста кәсіби, шығармашыл болғанды жақсы көремін. Сонда ғана үнемі жаңа идеялар туады, елге пайдалы, ғажайып дүниелер өмірге келеді. Ал ол үшін, тағы қайталап айтайын, өмірге оң көзбен қарап, тек қана алға жүру керек.


Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар