Сәбит Рахымбаев: «Достарыма алдын ала ескертемін, «Женатики» телехикаясының кейбір бөлімдерін әйелдерсіз көрсін»

28.12.16

Біздің елде отбасы тақырыбы қай кезде де өзекті. Өйткені біз шығыстық менталитет пен ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанған халықпыз. Әйткенмен, жақында 31 арнадан эфирге шығатын жаңа «Женатики» отбасылық комедиясының продюсерлері Сәбит Рахымбаев пен Даут Шайхисламов бұл тақырыпты басқа қырынан танып көріпті. Көпшілікке танымал «Қала аңыздары» телехикаясын жасаушылар жаңа телехикаяда отбасы құндылығын әзілмен өрнектей отырып, отбасылық өмірді әр қырынан көрсетуге тырысқан. Бұл хикаядан әркім өзін тануы мүмкін. Белгілі сықақшы, әртіс, тележүргізуші, сценарист, продюсер Сәбит Рахымбаев отбасылық өмірді қалай әзілге айналдыруға болатынын айтып берді.


- Сәбит, «Женатики» телехикаясын түсіру идеясы қайдан шықты?

- Идея әлдеқашан туған, өйткені біз көптен бері отбасылық комедия түсіруді жоспарлап жүргенбіз. Қазақстан – көпұлтты мемлекет, бізде әртүрлі ұлт өкілдері некелесе береді, осыны отбасылық комедия түсіру идеясына қосып жібергіміз келді. Сөйтіп, «Женатики» өмірге келді. Командамыз да түрлі ұлт өкілдерінен тұрады. Арамызда кавказдық та, африкалық да, қала қазағы да, ауылдан келген қазақ та бар. Мәселен, мен орыстанған қазаққа жатамын, біз сияқтыларды біз сөзбен «шала қазақтар» дейді. Сонымен бірге, ұлттық салт-дәстүрді құрметтейтін, берік ұстанатын отбасы да бар. Тағы бір кейіпкеріміз – бойдақ.   

- Демек, бұл ерлер жайындағы телехикая ғой. Неге? 

- Әрине, оны жасаған ерлер қауымы. Сондықтан, оны ерлердің телехикаясы деп атауға болады. Алайда алдын ала көрсетілім кезінде туындымыз ерлердің де, әйелдердің де аудитоиясына қызық екенін көрдік. Телехикаядағы ерлердің де, әйелдердің де проблемасы ортақ. Барлығы жабылып оны шешуге тырысады. Сондықтан біз хикаяда тек қана ерлердің біржақты пікіріне басымдық берген жоқпыз.    

- Телехикаяда ер азаматтарды күлкілі, тіпті кей жерлерде жағымсыз кейіпкер ретінде бейнеленгенсіздер. Қалай ойлайсыз, қазақстандық жігіттер өздеріне сын көзбен қарай ала ма, бұған ренжіп қалмай ма? 

- Айтпақшы, достарыма алдын ала ескертемін, «Женатики» телехикаясының кейбір бөлімдерін әйелдерсіз көрсін (күледі). Кей тұстарда жігіттердің құпияларын ашамыз. Егер оны ерлі-зайыптылар бірге отырып көрсе, әйелі күйеуінен: Сендер шынымен сондайсыңдар ма?» деп сұрауы мүмкін. (Күледі)... Онда күйеуіне қиын жағдайдан шығуға тура келеді.

Ал ер азаматтардың сынды қабылдау қасиетіне келер болсақ, менің пікірімше, олар қабылдай алмайды. Қалай дегенмен, шығыстың еркектері мақтағанды ұнатады ғой.  Сол себепті бізде  «Comedy club» форматы, соның ішінде жергілікті әртістерді мазақ ету әдісі аса танымалдыққа ие емес. Оларға қатысты әзіл айтқан уақытта сөзге абай болу керек.

- Телехикаядағы оқиғалар көрерменді неге үйретеді деп ойлайсыз? Бұл жоба арқылы сіз көрерменге қандай да бір пайдалы кеңес айтқыңыз келетін шығар?    

- Ең бастысы, басқа түскен қиындықтарға қарамастан, отбасы құндылығын  қастерлеуді үйрету. Қазір елімізде ажырасу мен екінші рет үйлену жиілеп кетті. Сондай жандарға адам бүкіл өмірін бірге өткізгісі келетін жанға үйлену керектігін көрсеткіміз келеді.

- Қыздардан қазіргі жас жігіттердің ештеңеге ынтасы жоқ дегенді жиі естиміз. Сіз қыздар жағы жігіттерден көп нәрсе талап етеді деп ойлаймайсыз ба?  

- Бұл жерде бәрі ер адамның отбасынан алған тәрбиесі мен мінез-құлқына байланысты. Менмендігі жоғары, бірақ жалқау жігіттер көп. Еңбекқор жігіттер де бар, алайда оларға зеректік, білім, білік жетіспейді. Алайда ер адамдардың 90 пайызының бойында әулеттің тірегі болу негізі қалыптасқан, олар әйелдердің мойнында отырғанды дұрыс деп есептемейді. Сол себепті кез келген ер адам үйде басшы болғысы келеді, сондықтан мен оларды ынтасыз деп айта алмас едім.  

Тек әдетте қыздар жағы жігітпен кездесе бастаған сәттен оны болашақ күйеуі ретінде елестетеді. Мейрамханаға апарса болды, жақында ұсыныс жасайды деп ойлайды. Алайда жігіттер шешім қабылдауға асықпайды, жақсылап ойланады.

 - Әзіл-сықақ жобаларымен айналысып келе жатқаныңызға біраз жыл болды. Жанрлық тоқырауға ұшырайтын кезіңіз бола ма?   

- Болады. Біз көрерменнің қызығушылығын оятқан бірнеше фильмге сценарий жаздық. Олардың ішінде Баян Есентаеваның «Осторожно, корова!» фильмі бар. Мен, сондай-ақ, «Гламур для дур» және келесі жылы шығатын «Келинка тоже человек» атты фильмдердің сценарий авторларының бірімін.  Бұл жобалар біздің ұлттық менталитетімізге қатысты әзілдермен ерекшеленеді, келін-ене, рэкеттер, ауыл-қала сияқты мәңгі өлмес тақырыптарды қамтиды. Алайда тәуекел етуді мүмкіндігің көтерсе ғана басқа тақырыптарға тіс батырып көруге болады. Өйткені біздің көрермендер әзілдің басқа түрін қабылдай алмайды, ол үшін театрға бармайды.     

Мәселен, Ресейдегі «Comedy club» әртүрлі тақырыптарға қатысты, соның ішінде белден төмен әзілдерді айта алады. Өйткені олар бұл кедергіні басып өтіп, танымалдығы жағынан КВН-нің өзін басып озған. 

Алайда Қазақстанда, менің ойымша, әдеп сақтау керек және белден төмен әзілдерге жол беруге болмайды. Жас күнімізде көптеген «қара» әзілдерге тіс батырып көргенбіз. Алайда одан кейін өзіңді біртүрлі сезінесің. 

- Сценарийге өз басыңыздан өткен жайттарды қосқан кезіңіз болды ма? Ондай тәжірибеңіз болса, бөлісе аласыз ба? 

- Әдетте, сценарийдің 80%-ын өмірден алған оқиғалар қамтиды. Оның ең жарқын мысалы – «Қала аңыздары» телехикаясына қосқан жанармай бекетіндегі оқиға.  Бірде жанармай бекетіне барсам, кілтін көліктің ішіне ұмытып кеткендіктен есігін аша алмай тұрған сары шашты қызға бола адамдардың кезегі көбейіп кетіпті.  Ер адамдар оған көмектесуге тырысып, көлігіне жақындайды да, ішектері қатқанша күледі. Сосын мен де көмектесуге бардым. Сөйтсем, сары шашты қыз көлігінің есігін аша алмай тұрса, көліктің ішінде оның құрбысы отыр. Оған есікті қалай сыммен ашуға болатынын көрсетіп қояды (күледі). Бір кезде біреуіміз сары шашты қыздан құрбыңыз неге есікті іштен ашпайды деп сұрасақ, ол: «Қауіпсіздік белдігін тағып отырған жоқ па?» деп, тіптен ішек-сілемізді қатырды. (күледі)

- Сіздіңше, неліктен жігіттер үйленуге шешім қабылдауға асықпайды?

- Өйткені ер адамдар тал бойында бір мін жоқ қызды алғысы келеді. Әдетте, оның өз анасына ұқсағанын қалайды. Содан үнемі күмәндана береді. «Ол маған лайық па, ертеңгі күні миымды ашытпай ма, апама ұнай ма, тойға дейін бәрі жақсы, тойдан кейін өзгеріп кетпей ме?» деген сұрақтар мазалайды. Сөйтіп жүріп бір күні өзіне керек жанды тапқанын түсініп, оған ұсыныс жасайды. Біз қаншалықты романтикалық сценарий жазғанымызбен, өз әйелімізге ешқашан романтикалық ұсыныс жасамаған адамбыз. Жай ғана «Не, үйленеміз бе?» дей салғанбыз (күледі). Ешбіріміз қыздың алдына барып, тізерлеп тұрып, гаухар тасты жүзік сыйлап, «маған тұрмысқа шық» деген плакатпен шатырдан құламағанбыз. 

- Бұл қыз маған лайық деген ой қалай пайда болады?

- Әркімде әрқалай шығар. Менікі уақытпен келді. Қазіргі жарым екеуміз бір оқуда оқыдық. Ол менен бір курс төмен оқыды.  Бірақ университет бітіргеннен кейін біраз жылдан соң оны кездейсоқ кездестіріп қалдым. Содан кейін екеуміз бірге жүре бастадық.  Ал оқу оқып жүргенімде ол менің әйелім болады деп ешқашан ойлаған емеспін. Кездесе келе менің жарым бола алатын осы қыз деген ойға келдім. Біріншіден, мен оны бұрыннан танимын, мінезін білемін, содан соң оның жылдар өтсе де өзгермегенін, салт-дәстүрді, үлкендерді құрметтейтінін, менің басты талаптарыма сай келетінін түсіндім. Сөйтіп үйлендік. Содан шығар, мен кейбір жастардың бірін-бірі танымай, ата-анасының айттыруымен үйленгенін түсіне алмаймын. Мен тіпті осы себеппен ажырасып кеткен екі жігітті білемін. 

- Оқырман қыздарға жігіттерді қалай ұсыныс жасап, жүзік сыйлауға көндіруге болатыны жайында кеңес бере кетесіз бе? 

-Ең бастысы, басынан бастап шынайы болу, жігітті алдамау керек. Қандай да бір құпияң болса, бірден айт. Өйткені үйленгеннен кейін құпияң ашылса, «неге басынан айтпадың? Бір құпия жасырған адамның мың құпиясы болады» деген сияқты әңгімелер басталады.    

- Жігітті үйлену туралы шешім қабылдауға қалай итермелеуге болады? Егер ол қыздың жақсы, мейірімді жар болатынын түсінсе, апасына ұнаса... 

- Демек, әлі бел буған жоқ деген сөз. Оны асықтырса, қобалжи бастайды. Егер қыз бен жігіт ұзақ уақыт кездессе, алайда жігіт оны болашақ жары ретінде елестете алмаса, біраз уақыт үзіліс жасап, кездеспей тұра тұрған жөн деп ойлаймын. Сонда шешім тез қабылданады. 

- Өзіңіз отбасылық өмір туралы не ойлайсыз?

- Негізінде, біз телехикаяны былай бастағымыз келген: далада жылқылар емін-еркін шапқылап жүр, ал атқорада арқанға таңулы, оларға қызыға да қызғана қарап бір ат тұрады. (Күледі). Соңында олай болмасын дедік.

Өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, отбасылық өмір – бойдақтық өмірге мүлде ұқсамайды. Күйбең тірлік басталады. Күн сайын үйде ол адамды көресіз, бір-біріңізге шыдайсыз, уақыт өте келе оған үйренісіп кетесіз, сосын бір күні перзенттеріңіз пайда болады да, одан басқа өмірді елестете алмайтын жағдайға жетесіз. Содан соң: «Бұрын оларсыз қалай өмір сүргенмін?» деп ойлайсыз. 

Отбасы – ер жігітті табысқа жетелейтін күш. Бұрын мен тапқан-таянғанымның бәрін өзіме не басқа бірдеңелерге жұмсай салатынмын. Жай ғана киноға түскім, ақша тапқым келетін. Сосын тапқанымды тез жұмсап тастаймын. Ал үйленгеннен кейін өзіңді шектей бастайсың, қамқорлығыңда басқа да жандар барын түсінесің, алдыңа мақсат қоясың. Үй тұрғызу, ұл өсіру, ағаш отырғызу керек дегендей... 

- Қарым-қатынаста сіз үшін не маңызды?

- Сыйластық. Бір ерлі-зайыптылар болады. Бірін-бірі қатты жақсы көреді, бірақ өлердей қызғанады. Ал мен үшін, мынадай жұмыспен қызғанышқа мүлде орын жоқ. Жұбайым екеуміз бір-бірімізге сенеміз, бір-бірімізді сыйлаймыз.   

- «Женатики» телехикаясын қашаннан бастап көруге болады? Қанша бөлімнен тұрады?    

- Телехикаяны 2017 жылдың наурызынан бастап «31арнадан» көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Қызықты, өте әсерлі 20 бөлімнен тұрады. Отбасылы да, бойдақ та көрермендеріміз ұнатып қарайды деп сенемін. Ұлттық менталитетімізге қатысты көп сәттері бар. Және мұндай телехикаяны бойдақ жігіттер жасап шығаруы мүмкін емес еді. Сондықтан сценаристердің бәрі – үйленгендер. Фильм жастардың да, үлкендердің де көңілінен шықсын деп барымызды салдық. Режиссер Санжар Омаровқа өз ойымызды жеткіздік және бір-бірімізді түсіндік деп ойлаймын. Жалғасы болады деген үміттеміз. Өйткені отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы ешқашан таусылмайды ғой...  


Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар