31 арнада – Шыңғысханның атышулы немересі!

6.1.17

16 қаңтардан бастап жұмыс күндері 22.30-да Шыңғысханның атышулы немересі Құбылай хан туралы телехикаяны тамашалаңыздар! Қытай киноөндірісінің ең қымбат жобаларының бірі болған туынды ҚХР-да ғана емес, АҚШ, Корея, Гонконг, Тайланд, Малайзия, Вьетнам және өзге де елдерде зор табысқа жеткен.


Киноэпопеяны түсіруге 5 мыңнан астам адам мен дәл осынша мөлшерде ат жұмылдырылған. Бұл – бұрын-соңды кино тарихында болмаған көрсеткіш. Тарихи драманың режиссері - Цуй Сиу-Мин.


«31 арнаның» көрермендері алпауыт атты әскердің соғысын, сол замандағы қанды ұрысты көріп, сарайдағы шытырман оқиғалар мен бас кейіпкерлердің махаббатына куә болады. Шыңғысханның басқа мұрагерлерінен ерек көрген немересі  Құбылайдың маңдайына атасының жолын қуып, қазір аумағы Қытайды қамтитын бір кездегі Юань империясының іргесін қалау жазған екен.


Алайда Құбылайдың билік жолы соқпақты, сүріндірер сынаққа толы. Шыңғыс хан өлгеннен кейін ұлдары Төле мен Үгедей билік үшін таласқа түседі де, ақыры Үгедей хан болып сайланады. Алайда оның әйелі Торегин бұған тынышталмай, Төлені у беріп өлтіреді. Одан соң, әкелері үшін кек алғысы келетін Мөңке мен Құбылайды ханға қарсы бас көтерді деп айыптап, көздерін құртуға тырысады. Ол Құбылайды хан әулетіне ең қауіпті адам ретінде таниды. Алайда, Құбылайдың ақылгөйлігі мен анасы Соргэктени бикенің даналығының арқасында Төленің ұрпағы қауіптен аман қалады. Халық арасында Дана деген атпен танылған Құбылай Шыңғысханнан кейінгі ең әйгілі моңғол императоры болып тарихта қалады.


Қантөгісті, аттарды ғана ермек ететін өзге моңғол көсемдеріндей емес, Құбылай ілім мен білімге бет бұрады, Қытайдың ғылымы мен мәдениетіне ден қояды, оның мемлекетті басқару жүйесін өзінің хандығында қолданады. Ол тіпті туған ағасы, одан соң бүлікшілермен күш біріктірген туған ұлы өзіне қарсы шыққан уақытта бітімгердің рөлін де атқарады. Ақыл-парасатының арқасында қантөгісті тоқтата алады. Соңында Құбылай хан бүкіл Қытайдың басын қосып, қазіргі Бейжіңнің орнын астана деп белгілеп, хандықтарды біріктіріп, өзінің қол астына жинайды.


Телехикаяда, сонымен бірге Батыс пен Шығыстың алғашқы қарым-қатынас орнатуы көрініс тапқан. Мәселен, бүлікшілерге қарсы жорықта ханға Венециядан Марко Полоның өзі көмекке келеді. Кейін ол Құбылайдың жақын досына айналып, Юань династиясының өмірі жайында жазба қалдырады. Дәл сол Марко Поло жазбаларының арқасында Құбылай хан Батыста танымал  тарихи тұлғаға айналған. 

 

16 қаңтардан бастап дүйсенбі мен жұма аралығында 22.30-да 31 арнада!


Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар