«Өшпес махаббаттың» екі жағы.

15.2.17

31 арна 27 ақпаннан бастап 21.00–де  танымал түрік актерлері Бурак Озчивит пен Неслихан Атагүл басты рөлдерді сомдайтын таңғажайып махаббат хикаясының куәсі болуға шақырады. «Сұлтан Сүлеймен» телехикаясында әскер басы Бали Бей, «Сары шымшық» телехикаясында махаббатқа адал Кямрян болып танылған, бойжеткендердің арманы, жігіттің төресі Бурак бұл жолы «Өшпес махаббат» хикаясында ерекше рөлді сомдайды. 

«Егер мен сенен баз кешті деп ойласаң, хатты ашпа. Саған деген махаббатымның күштілігі сонша, оған бір адамның ғұмыры да жетпейді. Егер күндердің–күнінде сенен бас тартты деп ойласаң, есіңде болсын. Сенен бас тарту үшін мен алдымен саған ғашық Кемалды өлтіріп, басқа бір адам болып туылуым керек». Басты кейіпкердің дәл осы бір сөзі хикаяның ең негізгі өзегін дәлме–дәл сипаттап тұрғандай.

Шындығында да, «Өшпес махаббаттағы» Бурактың кейіпкері – екі түрлі адам. Оның бірі – жас, қиялшыл, кедей шахтер Кемал болса, екіншісі – дәулетті, аяғын алшаң басатын, өжет мінезді, дұшпандарынан кек алып, өмірлік ғашығын қайтарып алуды мақсат тұтқан Кемал. Кейіпкердің өмірі шахтада болған қайғылы оқиғаға дейін және кейін деп екіге бөлінген. Дәл сол оқиға Кемалдың өмірін түбегейлі өзгертіп, туған қаласына оралып, ғашығымен қайта кездесіп, құпияға толы оқиғаларды сырын ашуына себеп болады.

Бурак Озчивиттің айтуынша, ол хикая барысында ақыл–ойы кемелденген кейіпкердің рөлін сомдап, өзі үшін жаңа бір образды ашуға қуана–қуана келіскен.  Кемал деген кім? Неліктен актер оны халықтың жақсы көріп кететініне сенімді?

– Кемал – уинверситетте білім алып жүрген, өмір жайлы танымы аз, қарапайым жігіт. Бірақ бақытты болуды біледі. Оның басты қасиеті осында, – дейді Бурак. – Мен өмірден тек қана жақсылықты көре білетін жанның рөлін сомдауды қалап жүргенмін. Оның өмірі қиындыққа толы, алайда ол бәрін еңсере біледі. Әйткенмен, тағдыр деген қызық қой. Адам белгілі–бір жасқа дейін қиындыққа төзіп–төзіп келеді де, соның арқасында есейгенін байқамай қалады. Көрермер бұл хикаядан аңғал Кемалды да, кемелденген Кемалды да  көреді.

 Телехикаяға түсу үшін Бурак өзін танымал еткен мұртын алып тастайды. Актер бұл қадамның оңайға соқпағанын мойындайды. «Бес жыл бойы мұрт өсірдім. Әкем де ұзақ жыл мұрт өсірген адам. Ал мен мұртымды қырып тастаған күні көшеге шыға алмай қалдым. Бұл ер адамдардың көбінің басынан өтетін жайт. Кейіпкерімді сомдау үшін осылай істеуім керек болды. Бір жағынан, алып тастағаныма қуанамын», – дейді.

32 жастағы Буракпен бірге жас та болса қалың көпшілікке танылып үлгерген, «Алғашқы махаббат», «Күзі жапырақтар», «Маһшар» хикаялары арқылы танылған Неслихан Атагүл – Кемалдың ғашығы, дәулетті отбасынан шыққан Ниханның образын сомдайды. Екі ғашықтың өмір сүру салттары бір–біріне қарама–қайшы. Алайда екеуінің арасындағы сезім әлеуметтік теңсіздікке, арадағы шекараға, қашықтыққа, ұзақ уақыттық айырылысуға, күдік пен қауіп–қатерге қасы тұрады.

– Нихан –   өте аңғал, өмірге ғашық бойжеткен, – деп суреттейді өзінің кейіпкерін Неслихан. – Ауқатты отбасынан шыққан университет студенті. Үнемі жаңашылдықты іздеп жүретін қасиеті менің назарымды өзіне аударды. Біздің кейіпкерлерімізді көрермендердің жақсы көріп кететініне сенімдімін. Өйткені біздің өзіміз олармен тұтасып кеттік.

«Өшпес махаббат» Бурактың жер жүзіндегі миллиондаған жанкүйерлерінің өзіне деген сүйішпеншілігін одан бетер арттырып жіберді. Қазірде нәзік жанды табынушылары актерді Стамбулдағы үйінің алдында күзетіп тұрады, тіпті іссапарларда танып қалып жататындар көбейген. Актер әзірге бойдақ. Алайда «Сары шымшық» фильмінен кейін түрік моделі Джейлан Чапамен айырылысқан. Ал үш жылдан бері аталған картинада басты рөлді сомдаған талантты актриса Фахрие Эвдженмен кездесіп жүр. Сценарий жазуға талпынып жүрген таланты актер 2014 жылы өзінің продюсерлік компаниясын құрып, екі фильм түсіріп үлгерді. Оның бірі «Махаббат саған ұқсайды» деп аталады.  Сондай–ақ, Бурак әкесімен бірге Стамбұл қаласынан «Бали Бей» атты мейрамхана ашқан. Қазірде ол біраз жұртшылыққа танылып үлгерген бизнесін кеңейтіп, Түркияда ғана емес, араб елдерінде де мейрамхана ашуды жоспарлап отыр екен. «Өшпес махаббаттың» басты кейіпкерін сомдаған Бурак атақ пен даңқтың қолда мәңгі тұрмайтынын түсініп, жұлдыз ауруынан алыс жүргісі келетінін жасырмайды.

– Танымалдық, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөлену, табысты болу – адамның бәріне ұнайды. Алайда оның бәрі медальдің екі жағы сияқты ғой. Себебі танымал болудың да өз машақаты бар. Оның арқасында көптеген мәселелеріңді шешіп алуың мүмкін. Сол сияқты, аяғыңнан шалып, психикаңа кері әсер етуі ықтимал. Сол себепті мен үнемі өзіме сын көзбен қарап, танымалдылық дертіне шалдықпауға тырысамын, – дейді ол.    

 

27 ақпаннан жұмыс күндері аралығында 21.00–де 31 арнадан тамашалаңыздар!   


Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар