«Информбюро» – Қазақстандағы ең үздік ақпараттық бағдарлама

18.3.17

31 арнадағы «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы Қазақстандағы ең үздік ақпараттық бағдарлама деп танылды. 

17 наурыз күні Астана қаласында Қазмедиа орталығында «Тұмар» бірінші ұлттық телевизия байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. 


Байқауды ұйымдастырушы – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Казмедиа» орталығы.  




Қазақстанның әр түкпіріндегі телеарналар мен продакшн студиялардан түскен 200 шығармашылық жұмыстың ішінен жабық дауыс беру қорытындысына сәйкес әртүрлі номинациялар бойынша  айтулы жүлденің 12 үздігі анықталды. Шараның мақсаты – қазақстандық телевизияның сапасын арттыру және талантты мамандарға қолдау көрсету. Қазылар алқасының құрамында көпшілікке танымал, белгілі телевизия саласының білікті мамандары болды.




— Бұл сыйлық – «Информбюро» бағдарламасының кәсіпқой мамандарының, жалпы арнамыздың ұзақ жылдар бойы жасап келе жатқан жұмысы мен сіңірген ерен еңбегінің жемісі деп білемін, – дейді 31 арнаның Бас директоры Бағдат Қожахметов. – Көрермендерімізге, Қазмедиа орталығына, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, министр Дәурен Абаев мырзаға осындай шара ұйымдастырғаны, бізге қолдау көрсеткені және еліміздің телевизия нарығын дамытуға салмақты үлес қосқаны үшін алғыс айтамыз.


Айта кетейік, «Информбюро» – Қазақстандағы ең табысты ақпараттық бағдарламалардың бірі. Оның алғашқы жаңалықтар шығарылымы 31 арнаның эфиріне 1996 жылы шыққан. Бағдарлама еліміздегі көптеген мықты журналистерді тәрбиелеп шығарды.

«Информбюро» бағдарламасы көрермендерін жалықтырып алмау үшін жыл сайын форматын өзгертеді. Қазірде ол күн өткен сайын сұранысы артып, шынайылығымен халықтың құрметіне бөленіп келеді.  Саналуан пікірлер, айқын бейнероликтер, ақпаратты бұрмаламай беру, оқиғаны жедел жеткізу – «Информбюро» бағдарламасының басты ұстанымдары.




 «Информбюро» бағдарламасының жаңа материалдарын күн сайын www.31.kz сайтынан немесе 31 арнаның ұялы қосымшасынан оқи аласыздар.


Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар