Бағдат Қожахметов: күшті мемлекет болу үшін күшті телевизия болу керек

4.6.14

Еліміздегі коммерциялық телеарналардың көшбасшысы - «31» арна әркез қоғамдағы мәселелерді ақпараттық негізде жедел әрі жан-жақты берумен қатар, өз көрермендеріне түрлі форматтағы тың жобаларды ұсынып келе жатқан бірден бір арна. Телеарна басшысы Бағдат Қожахметов мырзамен болған сұхбатта телевизия саласыдағы өткір мәселелермен қатар, ақпараттық қауіпсіздік, қоғамдық телеарна, Ресейлік және тағы басқа шетелдік арналардың Қазақстанға таралу мәселесі де сөз болды.


-  «31 арна» бас директоры қызметіне кіріскеніңізге 3 жыл толып отыр екен. Осы уақыт аралағында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

- Біз коммерциялық арна болғандықтан, рейтингпен санасамыз және табатын табысымызға қарай жұмыс істейміз.  «31 арна» рейтинг бойынша соңғы екі айдың ішінде 2 орынға шықты. «Информбюро» да 2 орында.   
Ұжымға келетін болсақ, қызметкерлердің әлеуметтік тұрғыдан қамтылуы жақсарып келеді. Отандық телеарналардың арасындағы ең жоғарғы айлық – «31 арнада».
Сонымен қатар, арнамыздың өз телеөнімдерінің санын да, сапасында арттырып жатырмыз. Соның ішінде «Базарбаевтар» телекомедиясы және тағы басқа қызықты жобаларды көрермен назарына ұсынып келе жатқан «31 арна» елдің қатарында емес, теленарықтың көш басында келеді.

- «Информбюро» жаңалықтар таратып қана қоймай, елге белгілі, жұртқа сөзі өтетін адамдардың жеке кабинеті, «Сөздің шыны керек», «Өз сөзім өзімдікі» сынды қысқа хабарларды да шығарып келді. Осы хабарлар жайында айта отырсаңыз.

- «Информбюро» - арнамыздың қалыптасқан бренді. Ақпараттық бағдарламаның ішінде неше түрлі авторлық хабарлар болды. Ол – көрермен мен журналисттердің талабына, сұранысына қарай шығарылып отырды. Мұндай хабарлардың шығуы қоғамдағы оқиғаларға да байланысты. Мысалы, Парламент сайлауы, елдегі лаңкестік оқиғалар, ұшақ апаттары секілді елді елеңдеткен жағдайлар болған кезде көрерменнің талабына орай шығарылды. Қазіргі кезде жұртты алаңдатқан оқиғалар, жағдайлар азайды. Содан келіп, көрерменнің көңілі тынышталды. Оның үстіне жаз – демалыс уақыты келді. Сол себепті біз де «Информбюроның» ішіндегі хабарларды азайттық. Оның орнына отбасымен отырып, ұялмай, қысылмай көруге болатын қызықты бағдарламалар мен хабарлардың санын көбейтудеміз. Ал, жаңағы өзің айтып отырған хабарлар ақпараттық бағдарламалар ішінде әртүрлі жағдайлар мен оқиғаларға қатысты арагідік жарық көріп отырады.

- «31 арна» мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істей ме?

- Ұзақ жылдар бойы «31 арна» мемлекеттік тапсырыс алмаған. Бірақ, былтырдан бастап, мемлекеттік тапсырыс аясында «Айтылмаған әңгіме» ток-шоу - жоба жасадық. Көрерменнің көңілінен шықты. Түрлі тұлғалардың тағдырына қатысты қызықты тақырыптар көтерілді. Рейтингі де жоғары болды. Біз келісім-шарт бойынша, азаматтардың елшілдік, мемлекетшілдік сезімін көтеретін, көрерменнің қызығушылығын арттыратын бағдарлама жасап, егер оның рейтингісі жоғары болатын болса, мемлекеттік тапсырыстың қаражаты төленеді деп келістік. Сөйтіп, бағдарламаны өз қаражатымызға түсірдік, көрсеткіштері жоғары болды. Келісімде көрсетілгендей, Үкіметке өткіздік, олар мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттаудың нормаларына және келісімдегі шарттарға сәйкес келеді деп қабылдап алды.
Ал, биыл мемлекеттік тапсырыспен жоғарыдағыдай келісіммен тарихи музыкалық бағдарлама және телехикая түсірмекшіміз. Ол тек қана «31 арнада» емес, мемлекеттік арналардан да көрсетілетін болады.

- Медианарықта коммерциялық арналардың ең негізгі табыс көзі – жарнама. Қазақстанның медианарығында шетелдік арналар көп. Олар еліміздегі коммерциялық арналардың жарнамадан түсетін табысына ортақтасып отырған жоқ па?

- Қазіргі кездегі Қазақстанның телеиндустрия және телевизиялық жарнама нарығындағы жағдай – әділетсіз. Неге десеңіз, елімізде таралатын шетелдік телеарналарға Қазақстанның БАҚ туралы заңы жүрмейді. Телерадио туралы заңға сәйкес, телеарна мен радио әрбір алты сағат сайын қазақ тілі – мемлекеттік тілде хабар таратуы тиіс. 2014 жылдан бастап, әр телерадио мен арналар 30 пайыз өздері жасаған телерадио өнімдерін эфирге шығару шарт, 2018 жылдан бастап 50% жетуі тиіс.
Қазақстандағы көрерменнің 40 пайызға жуығы кабелдік арналарды қараса, 60 пайызы антенна арқылы көреді екен. Кабелдік арналарды көретін 40 пайыз көрерменге таралатын Ресей арналары қазақ тілінде ешқандай хабар таратпайды, жасамайды. Бірақ, рейтингісі жоғары. Себебі, Қазақстанда 70 пайызға жуық қазақ тұрады. Оның жартысынан көбі қазақ тілін білмейді. Ал, қазақ тілін білетіндердің жартысы ғана мемлекеттік тілдегі хабарларды көреді. Сонда біз БАҚ және Телерадио туралы заңды орындай отырып, жалпы көрерменнің 15 пайызының ғана көңілінен шығамыз. Ал, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің бәрі орыс тілін білетіндіктен Ресей арналарын көреді. Сөйтіп, ресейлік арналардың рейтингі Қазақстан бойынша жоғары болып шыға келеді. Міне, осы көрсеткіштер арқылы Ресей арналары Қазақстан нарығындағы жарнаманы біздің аузымыздан жырып алып кетеді. Менің ойымша, бұл  - әділетсіздік.
Осы мәселе әріптестерімізбен бірлесе отырып көтеріп, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке, Парламентке, Байланыс және ақпарат Агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиевке хат жаздық. Бұйыртса, жақында аталған проблема шешіліп, әділдік салтанат құрады деген үміттеміз. Күшті мемлекет болу үшін күшті телеарна болуы қажет. Мәселен, Үкімет отандық өнімді, экспортқа шығарылатын тауарларды қорғайды. Сол сияқты отандық телеарналардың мүддесін қорғауы керек.

- Ел ішінде қоғамдық телеарна мәселесі жиі сөз болады. Қазақстанда қоғамдық телеарна құру мүмкін бе?

- Жақын арада Қазақстанда қоғамдық телеарна құру мүмкін емес. Себебі, бізде ынтымақ жоқ. Еліміздегі әрбір азамат яғни, 17 млн. адам өз есебінен телеарна құруға және соның жұмыс істеуіне ақша шығаруы керек. Қоғамдық телеарна қоғамдық, мемлекеттік сана-сезімі, мәдениеті дамыған елдерде болады. Біздің қоғам әлі жас. Демек, қоғамдық телеарна құруға біз әлі дайын емеспіз.

- Еліміздегі телеарналар арасында бәсекелестік бар ма?

- Телеарналардың мақсаттары бөлек болғанмен, өзара бәсекелестік бар. Мәселен, мемлекеттік телеарналардың алдында мемлекеттік ақпараттық саясатты қоғамға толықтай жеткізу тапсырмасы бар. Ал, біз, коммерциялық арналар ақша табуымыз керек. Мемлекеттік арналар бюджеттен қаржыландырылып отырғанына қарамастан, телевизия жарнама нарығынан қаражат табады. Бұл аз десеңіз, коммерциялық арналардың төлеп отырған салығы есебінен мемлекеттік арналаға миллиардтап ақша бөлінеді.
Соңғы бес-алты жылдың бедерінде телеарналардың едәуір өскенін байқауға болады. Түрлі форматтағы шоу бағдарламар, әртүрлі аудиторияға арналған қызықты, танымдық, музыкалық т.б бағдарламалар мен хабарлар көбейіп келеді. Бірақ, телевизия саласындағы ережелер мен заңдарды жүйелеп, бізге түсіріп және оны бәрі бірдей орындайтындай ету керек.

- Телевизияға кәсіби мамандардан гөрі кездейсоқ адамдар көп келіп жатқан жиі айтылады. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қандай?

- Продюсер, режиссер, оператор, сценаристтер қайдан аламыз? Қазақстанның ЖОО да мұндай мамандықтар оқытылмайды. Бірнеше ЖОО да ғана журналистика мамандығы бойынша білім береді. 
Керек десеңіз, Білім және ғылым министрлігінде ол мамандықтар тіркелмеген және аталған мамандықтардың қандай болатыны туралы түсінік жоқ. Сөйтіп, біз телевизияға қажетті мамандарды өзіміз үйретеміз. Осыдан келіп, көрермендер Ресейдің, батыстың телеарналарымен салыстыра қарап, қазақ телевизиясына көңілі толмайды. Себебі, Қазақстанда телевизияға керекті кадрлардың бәрін оқытатын оқу орны жоқ. Мәселен, батыс елдерінде тек қана телевизия мамандарын дайындайтын университеттер бар. Яғни, қандай маман керек болса, таңдап аласыз. Жалпы, кадр мәселесі біздің елде кез келген салада бар және ол мәселе тереңдеп, күрделеніп барады.
Осы мәселеге қатысты Байланыс және ақпарат Агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев Білім және ғылым министрлігіне телевизия академиясын ашу туралы ұсыныс айтты. Егер бұл ұсыныс іске асса, біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз.

- Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан кейін Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік мәселесі көп сөз болды. Осы мәселеге қатысты пікіріңізді біле отырсақ.

- Бір ғана СМС хатпен бүкіл банктік жүйенің тас-талқанын шығара жаздаған жағдайда қандай ақпараттық қауіпсіздік туралы айтуға болады?!
Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік осал. Шетелдік ақпарат құралдары Қазақстанның территориясында не айтқысы келсе, соны айтады, қандай ақпарат таратқысы келсе, соны таратады. Мұны ойлап жатқан адам жоқ сияқты. Көрші елдердің арналары өскелең жастарға қандай тәрбие беріп, нені миына құйып жатыр? Ертең ол қандай азамат болып шығады? Өз елінің патриоты бола ма, әлде көрші елдің заңына бағынған, сол ел не айтса соны қолдай кететін адам болып шыға ма? Осы жағын мемлекет мықтап ойлануы тиіс әрі ақпараттық жүйе, ақпарат тарату қазіргі кезде ең бірінші орындағы маңызды мәселе.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін көтеретін адамдар әрине. Алайда, нақты жұмыс істелініп жатқан жоқ.

- Телеарналардың өз өнімдерін ұсынуы жыл сайын жақсарып келеді. Бірақ та, қазақ көрермендерінің көптеген бағдарламалар мен хабарларға көңілі толмайды. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

- Бұл өзі бір қызық жағдай. Қазіргі уақытта рейтингісі ең жоғарғы телеөнім ол – Үнді телехикаялары. Ал, соның сапасына қарасаңыз, мәселен, бір дастархан басында бір топ адам отырады. Жігіт «Үйленемін» дейді. Содан камера әлгі жігіттің қасында отырған он адамның жүзін әрбірін бір минуттан көрсетіп шығады. Сөйтіп, ақырында, жігітке қайта оралып, оны тағы бір минут көрсетеді. Міне, осындай телехикаяларды қазақ аудиториясы аузынан суы ағып қарайды ғой. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыры «31 арна» «Базарбаевтар» телекомедиясының үшінші маусымын жаңа, батыстық технологиямен түсірді. Әрбір әзіл-қалжың, сөз-сөйлем сараптамадан, арнайы кеңестің талқылауынан өтті. Бірақ, неге екені белгісіз, көрермен қабылдамай қойды.
- Біз былтыр «Қазақ көрермендері қазақ телеарналарынан не көргісі келеді?» деген зерттеу жасадық. Сөйтсек, қазақ аудиториясы қазақ телеарналарының өнімдеріне немқұрайлылықпен қарайды екен. Және қазақ телеарналарын үнемі Ресей арналарымен салыстырып отырады. Мысалы, қазақ тілінде қазақтар дайындаған бір хабар эфирге шықса, көрермен «Е, мынау орыстың әнеу бір хабары сияқты екен ғой» деп екі адамның бірі телевизорды басқа арнаға ауыстырып жібереді. Соған қарағанда, қазақ аудиториясының қазақ телеөнімдерін көруге деген ықылас, ниеті де төмен сияқты.

- Телеарналар қазақ аудиториясының сенімінен айырылып қалған жоқ па?

- Жоқ. Зерттеулерге сүйенсек, көрерменнің қазақ телеарналарына деген сенімі әлі де бар. Сол үмітті өлтірмей, сенімін ақтау жолында ізденіп, жұмыс істеп жатырмыз.
- Жаңа маусымда шығатын жаңалықтармен ептеп бөліссеңіз.

- Қоржынымызда біраз жаңа бағдарламалар бар. Соның бірі  - «Салмақхана» жобасы. Және үш жаңа телехикая бар. Жалпы, зерттеулердің нәтижесінде, көрермен біздің арнадан не көргісі келетін білдік: отбасымен отырып, анасы баласынан әйелі күйеуінен ұялмай қарайтын отбасылық, қызықты бағдарламаларды көргісі келеді екен.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Өміржан Әбдіхалықұлы
Abai.kz, маусым 2014 ж


Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян