«Салмақхана» реалити-шоуы

9.10.14

Қараша айында «Салмақхана» деп аталатын жаңа реалити-шоу көрерменге жол тартады. Аталмыш жоба күн сайын 31 арна эфирінен көрсетіледі. Шоу продюсерлері мен ұйымдастырушылар дәл осындай ауқымды реалити-шоу бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған деседі.

Осы жоба үшін Mega Alma-Ata сауда және ойын-сауық кешенінің жанынан қабырғаларының бәрі әйнектен ғана тұратын үлкен үй тұрғызылды. Сол үйде сайысқа қатысатын 10 финалистің өмірі түбегейлі өзгеретінге ұқсайды. Олай дейтініміз, бар болғаны екі айға созылатын сайыс барысында қатысушылардың барлығы бірігіп 500 келі салмақтан арылып үлгеруі керек.

Жақында екі телеарна кастинг жариялаған. Жобаға қатысам деген үміткерлердің саны мыңнан асып түскен. Еліміздің әр түкпірінен келген артық салмақ иелері үш кезеңнен тұратын іріктеу турынан өтті. Бірақ бұл олардың бәрі сайысқа қатысады деген сөз емес. Өйткені «Салмақхананың» есігіне тек қана 10 адамға кіруге рұқсат етіледі.

Сөйтіп, әзірге салмақ тастайтын үйге кіргісі келетін үміткерлер анықталып қалды. Олар – әртүрлі мамандық иелері, әр жастың және әр ұлттың өкілдері. Әрқайсысының мақсаты да бір-біріне ұқсамайды. Ортақ мақсат – арықтау десек те, бәрінің көкейіндегі ең ұлы арман – жеңімпаздарға берілетін 100 000 000 теңгені қанжығасына байлау. Біреулері ол ақшаға көптен күткен тойын өткіземін десе, енді бірі ана болғысы келеді. Ал енді бірі қайырымдылықпен айналысамын десе, бір қатысушылар дүниежүзіне саяхат жасасам дейді.

Кастингке келгендердің барлығы дерлік артық салмақтың кесірінен шамадан тыс семіздік ауруына шалдыққан, биологиялық жасы қазіргі жасынан біраз асып кеткен. Жобаға арнайы шақырылған диетолог маман «Бұл жағдайлар – дұрыс тамақтанбаудың салдары» деді. Сондықтан да Елена Мамай қатысушыларға дұрыс тамақтануды үйретумен айналысады. «Арықтаудың да өз ережесі болады! Бұл адамдардың тамақтану тәртібіне өзгеріс керек. Ең бастысы, арықтау процесі олардың денсаулықтарына кері әсер етпеуі керек», – дейді Қазақ тағамтану академиясының ғылыми қызметкері. Қазақ телевизиясында бұрын-соңды болмаған осындай реалити-шоу продюсерлері кастингке келгендерден үлкен ерік-жігер мен қажырлы еңбекті талап етуде. Психотерапевт Рашид Азизов  адамның қолынан келмейтін нәрсе жоқ дегенге саяды. Ол осы бағдарламада психологиялық блогқа жауапты. «Менің басты мақсатым – олардың ойлау жүйелерін өзгерту. Сана-сезімдеріне әсер етіп, бойларына сенім ұялату. Әрине, оларға оңай болмайды. 24 сағат бойы миллиондаған адамның көз алдында болу кімге болсын жеңіл емес». Артық салмақтан арылуға көмектесетін тағы бір маман – фитнес-бапкер Бауыржан Карипов. «Алда бізді ауыр жұмыс күтіп тұр. Қатысушылардың ішінде ең болмағанда өз тізесіне қолы жетпейтін адамдар бар. Алғашқы іріктеу кезеңдерінде мен кейбір қатысушылардың көзінен қатыссақ болды деген ойды байқап қалдым. Бірақ мен тек шынымен өмірін түбегейлі өзгерткісі келетіндерді ғана қолдаймын», – дейді Бауыржан.

«Салмақхана» реалити-шоуы жаңа телемаусымның басты тұсаукесері болады деп күтілуде. Көп ұзамай эфирге шығатын бағдарламаны жіберіп алмаңыздар. Қарапайым қазақстандықтардың өз арманына жету жолына куә болыңыздар!

Жұлдыздар отбасы журналы, №19 (181), қазан 2014


Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян