Салмақхана - жаңа жоба

9.10.14

26 қыркүйек күні Жаркентке іссапармен кетуге дайындалып жатсам, Дінмұхамед Зиядин телефон шалып тұр. 
«Данияр, дүйсенбі күні сағат 12:00-де 31 арна бір жобаның тұсауын кесейін деп жатыр. Сені соған шақырамын» дейді. Мен де келісімімді бердім. Сөйтіп айтылған күні, айтылған уақытта, аталған жерге келдік. 
Келген кезде бізді жобаның басы-қасында жүрген Артур мен 31 арнаның PR-директоры Әсел қарсы алды. Олар бізге жаңа жоба туралы кіріспеден бастады.

«Дом-весы», қазақшасы «Салмақхана» атты күзгі жаңа науқанмен бірге әлемде болмаған бірегей бағдарламаларын ұсынып отыр екен. Бағдарлама реалити-шоу ретінде ойластырылған. Қазақстанның әр түкпірінен кастинг арқылы салмақтары 100 келіден асатын адамның онын жинапты. Кастингтен өткен әр адам артық салмақ мәселесінен құтылғысы келетінін айтады. Олардың арасында артық салмақтың арқасында қорлық көріп жүргендері де бар екен. Құпия ретінде айтар болсақ, қатысушылардың арасында салмақ мүмкіндік бермегендіктен бала көтере алмай жүргендер де бар екен. Әлемнің қазіргі мәселелерінің бірі де салмақтан арылу екені белгілі. Бағдарлама 31 арнадан күнделікті беріліп отырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы бағдарлама бұл мәселеге байланысты мемлекеттің жасап отырған шараларына қарағанда тиімді болады деп есептейді.

Екі қабатты ғимараттың ішінде қатысушылар екі ай бойы өмір сүреді. Олардың мақсаты — ғимарат ішінде болған екі айдың ішінде 35-40 келі салмақ тастаулары керек. Егер бұл меже орындалса, қатысушылар 100 000 000 (иә, иә, жүз млн) теңге сыйақыға ие болады. Бірақ бір ерекшелік — әркім өзі үшін ғана емес, он қатысушы да сондай нәтиже көрсетулері керек. Егер тоғыз адам арықтап, оныншысы нәтижеге қол жеткізе алмай қалса, онда мақсат орындалмаған деген сөз. Сәйкесінше, ақша да ала алмайды. Сондықтан, бағдарлама өте қызықты болайын деп тұр.

Енді осы салынған "үйдің" ішіне экскурсия жасалық:

Бірінші қабатта тренажор құрылғылары орналасқан аумақ бар. Осы құрылғылар көмегімен салмақ қууға жақсы мүмкіндік қарастырылған. Күнделікті бапкердің қадағалауымен жасалған жаттығулар қатысушыларға тек пайдалы болады.

Барлық мәселе тамақта ғой. Сондықтан, мына жерде асхана орналасқан. Мұнда диета ұстауға барлық жағдайлар жасалған. Тек көңіліңізді бұрсаңыз болғаны. Ал диета ұстамаймын, тамақ жей беремін деген адамдарға да тәтті-пәттілер қойып қойыпты.

Бірінші және екінші қабаттарда кресло, дивандар қойылып, демалыс орындарына айналдырылған. Артур осы жердің бәрін бізге таныстырып шықты.

Жатын орындарын күшті етіп жасаған екен. Төсектердің өзін 100 келіден асатын адамдарды оп-оңай көтеретін етіп жасап қойыпты. «Сары түс адамның тәбетін ашады ғой» деген сөзімізге: «Біз бұл сары түсті 31 арнаның түсімен байланыстырдық, тәбет жағын ойланбаппыз» деп ашығын айтты Артур.

Ояна салғанда тау жақ тура осылай көрінеді. Бұл көрініс те қатысушыларға серпіліс сыйлайтын шығар.

Тұрмыстық бөлмесінің жасалғаны да өте ыңғайлы. Не керек болса, бәрі қарастырылған.

Блогер Ербол Серікбай гүлді суретке түсіріп жүр ))

Осындай кіші-гірім экскурсиядан кейін ұйымдастырушылармен кездесуіміз басталды. 
Солдан оңға қарай: Фитнес-бапкер — Бауыржан Карипов, Психотерапевт дәрігер — Рашид Азизов, 31 арнаның Бас директоры – Бағдат Қожахметов, 31 арнаның Бас продюсері – Юрий Бродский және өзімізге таныс Артур (сахна сыртында тұрған да өзіміздің бағанадан бергі танысымыз Әсел Тоянова). 
Кездесу барысында бағдарлама туралы көп мәлімет біліп қалдық. Негізгі сұрақтар да жоғарыда таныстыру кезінде жазғандарыммен байланысты.

Ол сұрақтардың бәрін мына кісілер, яғни журналистер мен блогерлер қауымы қойды. Мұндағы қойылған сұрақтар мен қолданған сөздердің өзінен ләззат алуға болады.

Кездесу соңында аздап шәй-пәй ішіп қайттық. Ал мына қыз Жұлдыздар отбасында істейтін Айнұр деген қыз. Көріспегелі біраз болып кетіп еді, шерімізді тарқатып қалдық.

Қайтар кезімізде бәрімізге 31 арнаның логосы қойылған қолшатыр сыйлады. Жаңбыр жауған соң қолшатыр сыйлады ма, әлде қолшатыр сыйлайтынын білген соң жаңбыр жауды ма, білмедім. Бірақ Алматыда күн бұлтты болғаны анық. 
Әселмен де кездеспегелі біраз болып еді, кейінірек киноға барамыз деп уағдаласып, қимай қоштастық.

Жоба көшірме емес. Бұл бағдарлама бірегей және Қазақстанда ойлап, жасалған. 20 жас пен 50 жас аралығында жиналған үміткерлер аяғына дейін, өз мақсаттарына аумай жетеді деп сенеміз. Реалити-шоу 31 желтоқсанда аяқталады. Ал өлшену әр аптаның жұмасы күні болмақ. Сегіз апта жетер ме екен? 
Теледидар көп көре бермеймін. Дегенмен, осы бағдарламаның бірнеше сериясын көру керек. Бәлкім, мені бұл бағдарлама қайтадан теледидарға алып келер?! Бәрі де мүмкін.
P.s. Арықтығым есіме түсіп, «Семіруге арналған бағдарлама жасар болса, кастингке мен де қатысамын» деп өзіме уәде беріп кеттім.

 

http://blogtime.kz/Daniyar_Zhanys/salmakhana---zhana-zhoba.html  , 30 қыркүйек 2014 сағат 17:27


Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян