Жоба жайлы

«Уральские Пельмени» шоуы — өзекті мәселелерді бір арнаға тоғыстырған тамаша жоба. Отбасына арналған шоудың кейіпкерлері қарапайым адамдардың басынан өтетін күнделікті оқиғаларды арнайы декорация мен грим арқылы өңін айналдырып, жеңіл әзілмен астарлап көрермендерге жеткізуді мақсат тұтқан. «Пельменидің» әзілдері жас ерекшеліктеріне бағынбайды. Өйткені онда дөрекі қалжыңға жол берілмейді. Сондықтан бүкіл отбасы теледидардың алдына жиналған кезде, көңіл көтеру үшін «Уральские пельмени» шоуын тамашалай алады.  

«Уральские пельмени» көңілді тапқырлар клубы 1993 жылы құрылған. Оны Свердлов құрылыс отрядының белсендісі Дмитрий Соколов ұйымдастырған. Сол себепті де клубтың алғашқы мүшелері Орал политехникалық институтының студенттер құрылыс отрядының қатысушыларынан (15 адам) жинақталған екен. 
Қыз-жігіттер келесі жылы-ақ Екатеринбургтің чемпиондары атанады. Ал 1995 жылы клуб Сочиде өтетін КВН фестиваліне жолдама алған. Сол КВН ойындарынан кейін команда Жоғары лига ойындары мен сол ойын аясында өтетін гала-концертке жолдамаға ие болады. Бұл клубтің өзіне тән бір ерекшелік – олар өз бағдарламаларын өздері жазады. 1995-2002 жылдар аралығында «Уральские пельмени» командасы Жоғары КВН Лигасында бес маусым қатарынан өнер көрсетіп, 2000 жылы Жоғары лиганың чемпионы болады. 2002 жылы КВН-ның Жазғы кубогін жеңіп алып, Алтын КиВиН иегері атанған. 

КВН ойындары тарихында өзіндік орны бар команда бүгінгі таңда әр түрлі телевизиялық жобалар түсіруді қолға алған. Мәселен, Ресейде ғана емес, ТМД-ның көптеген мемлекеттерінде жоғары бағаға ие болған «Прожектор Перисхилтон», «Вне игры», «Шоу ньюс», «Большая разница», «Наша Раша», «Южное Бутово» және басқа да жобалар – «Уральские пельмени» клубы мүшелерінің төл туындылары. 2009 жылдан бері клуб мүшелері ресейлік СТС арнасында болатын өз аттас бағдарламаның авторлары. 


Ақпарат

Жанры: комедия