Қазақстаннан қалыңдық іздеген қытайлықтарға қатысты мәселе азаматтардың ашық наразылығына ұласты

Қазақстаннан қалыңдық іздеген қытайлықтарға қатысты мәселе азаматтардың ашық наразылығына ұласты

11.01.17, 20:09

1532 0

Қазақстаннан қалыңдық іздеген қытайлықтарға қатысты мәселе ғаламтордағы талқылаудан азаматтардың ашық наразылығына ұласты. Бүгін Астанада бір топ белсенді шетелдіктерге қыз тауып береміз деп жарнама берген неке агенттігінің кеңсесіне барып, арыз-шағымдарын жеткізді. Олар шетелдікке тұрмысқа шыққысы келетін қыздың қалыңмалы қанша болуы керек екенін айтып, артынан азаматтықтан шығару қажет деді. Әрине, әдеттегідей полицейлер де сол жерден табылды.

 

Межеленген уақыт болмай ерте келген азаматтық белсенділердің бірін полицейлер осылай алып кетпек болған еді. Алайда, санкцияланбаған наразылық акциясын ұйымдастырды делінген Айдын Егеубаев ерекше құжатын көрсетіп, тәртіп сақшыларын тоқтатты.

 

- Мен өзім "Нұр Отан" партиясының мүшесімін. Міне, көрсеттім.

 

Артынша, өзге де белсенділер жиналып, наразы топ неке агенттігі орналасқан кеңсеге беттеді. Ғимарат ішіне кірген соң  компания басшыларының шығуын сұрап, шу шығарды.

 

Агенттік басшысынан бұрын келген прокурор, азаматтардан арыз түспегенін айтты. Сондықтан, мәселені заң шеңберінде шешуді ұсынды.

 

АЗАМАТ ЖАНАТБЕКОВ, Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасының прокуроры:

- Қазақтың қызының намысы тапталып жатыр дегенмен келісесіз бе? - Мен сізді түсініп тұрмын. Сізді қолдаймын толығымен. Бірақ, бұл заң талабы арқасында шешілуі қажет. 

 

Содан соң, неке агенттігінің өкілдері шұғыл түрде баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, сұрақтарға жауап берді.

 

ТАТЬЯНА ЛОГВИНЕНКО, Отбасылық неке агенттігінің директоры:

- Бұл қазақ әйелдеріне емес, Қазақстанның әйелдеріне арналған жоба екенін баса айтқым келеді. Біздің елде 130 астам ұлт өкілі өмір сүретінін ұмытпау қажет. Қытай азаматына тұрмысқа шығуға ниет білдіріп отырған 20 қыз-келіншектің ішінде әртүрлі ұлт өкілі бар екенін айтқан дұрыс болар.

 

Әлбетте, түрін түстеп, кімдер екенін айтпады. Сондай-ақ, әр азаматтың жеке өмірі тек өз басының мәселесі екенін де алға тартты. Алайда, ұйыммен мәмілеге келе алмаған наразы топ үкіметке арнаған бірқатар талаптарын айтып қалды.

 

АЙДЫН ЕГЕУБАЕВ, Азаматтық белсенді:

- Одан кейін басқа мемлекеттерде бұл практикада бар. Түркіменстанда, мысалы, бір қызын алғыңыз келсе, сіз 50 мың доллар мемлекетке салық төлейсіз.

 

НҰРБАЙ СҮЙІНОВ, Белсенді:

-  Естігенде 1 түн ұйықтай алмай шықтым. Қалай, біздің қыздарымызда сонда ар жоқ па, намыс жоқ па? Өзіміздің қыздарымыз өзімізде қалсын. Кететін болса азаматтығынан міндетті түрде айрылуы керек.

 

Әзірге белгілісі, неке агенттігінің өкілдері райынан қайтпайтын сыңайлы. Ал белсенді топ өкілдері соңына дейін ізденеміз деп отыр. Тіпті, шетелдікке бергенше, қазақ қыздарын тоқалдыққа алу керек деген ойларын да жасырмады.

 

Бақытнұр Әлібай, Нұркен Тоқмурзин

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян