Экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты жауапты органдар түсінік беруден бас тартып отыр

Экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты жауапты органдар түсінік беруден бас тартып отыр

11.01.17, 20:10

1331 0

Тергеу изоляторында отырған Экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты жауапты органдар түсінік беруден бас тартып отыр. Бірақ бірнеше рет пара алып, ірі көлемдегі қаржыны өз қажетіне жұмсады деген күдікке іліккен "Болашақ" түлегі туралы әріптестері мен қызметкерлері оң пікірлерін білдіріп жатыр. Небәрі 36 жасында білдей экономика министрлігін басқарған Қуандық Бишімбаевтың ұсталуының астары не? Қамауға алынған қызылордалық шендінің әкесі не деді?

 

"Бәйтеректегі" былыққа қатысым жоқ деген Бишімбаев бір ай бұрын бізден осылай қашқан. Бірақ шенеунік жемқорлыққа қарсы органның айыптауынан құтыла алмады. Бұрынғы бағыныштысы болған Аслан Жақыпов ұсталғаннан кейін екі ай өтпей, ұлттық бюро экс-министрді уақытша тергеу изоляторына қамап қойды. Айтуларынша, ең жас министр болған "Болашақ" түлегі бірнеше рет үлкен көлемде пара алып, оны өз қажетіне жұмсапты.

 

Тіпті түрлі аспапты еркін меңгерген Қуандық Бишімбаев бұрын-соңды мұндай шулы оқиғаның ортасында болмаған.

 

Небәрі 36 жасында ең маңызды министрлікті басқарған Бишімбаевты жұрт идеяға толы мықты маман деп мақтаған. Тіпті түнімен жұмыс істейтін министрге жүргізуші де шақ келмеген көрінеді. Біз Бишімбаевтың бұрынғы көлік жүргізушісін тауып, тілдестік.

 

ЕВГЕНИЙ МОИСЕЕВ, Қ.Бишімбаевтың көлік жүргізушісі:

- Замечательный положительный человек. По личным делам я его никогда не возил. Только по работе.

 

Жұмыс демекші, "Нұрлы жерді" әзірлеп, Салық кодексін өзгертіп үлгерген министрге сарапшылар сын таққаны есімізде. Шақырып алып өзі келмеді деп өкпелеген экономистерден Бишімбаев тіпті кешірім сұраған еді. Кейін қазнет небәрі 21 жасында үш дипломды қатар алған қызылордалық шендінің өткеніне көз жүгірткен. Сөйтсе, Вашингтонда оқып жүріп, сол жылы-ақ Тараздағы университетті тәмамдап үлгерген Бишімбаевтың әкесі сол оқу ордасының ректоры болып шыққан. Бұрынғы мәжіліс депутаты Уәлихан Бишімбаев ұлының ұсталғаны туралы сауал қойғанымыз үшін бізге ренжіді. 

 

УӘЛИХАН БИШІМБАЕВ, Қ.Бишімбаевтың әкесі:

- Қайғылы жағдайда отырмыз! Қалай сіздер осындай сұрақты сұрайсыздар, а?

 

Осы жасына дейін президент көмекшісі, "Самрұқ-Қазына" төрағасының және бірнеше министрдің орынбасары болып, тіпті білдей холдингті басқарып үлгерген Бишімбаевтың үш ұлы, үш жасар қызы бар. Астананың сол жағалауында тұруы мүмкін.

 

ӘЛИЯ ӘШІМ, Тілші:

- Біздегі бар ақпарат бойынша, экономика экс-министрі осы үйде тұрған болуы мүмкін. Себебі жүргізушісі шенеунікті осы үйге әкеліп отырған. Бұл француз орамы, Астанадағы элиталы аудандардың бірі. Дегенмен үй тұрғындары министрді ешқашан өз көзімен көрмегенін айтып отыр.

 

Әзірге Бишімбаевтың қалай пара алғаны белгісіз. Қазір қамауда отырған мәжіліс спикері Қабиболла Жақыповтың ұлы Аслан Жақыповтың ісіне қатысы бар-жоғы да айтылмай отыр. Аты дардай "Болашақ" түлегі,  бүгінде "Болашақ" қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қуандық Бишімбаевтың ұсталуы бүкіл халық болып үміт күткен шетелде оқыған жастардың жалпы имиджіне жақсы әсер бермесі анық.  Ал, Қуандық Уәлиханұлы тергеу аяқталғанша изоляторда отыруы мүмкін.  

 

Әлия Әшім, Ахмедияр Ілиясов, Еркежан Қамзанова

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян