19 наурыздан бастап эфирге «Қазақ хандығы» атты тарихи кинодастаны жол тартады

19 наурыздан бастап эфирге «Қазақ хандығы» атты тарихи кинодастаны жол тартады

17.03.17, 23:47

1141 0
Ең үздік телехикаяларды таңдап көрсететін "31 арна" наурыз мерекесі күндері көрермендерін тағы бір тұсаукесермен қуантпақ. 19 наурыздан бастап эфирге режиссер Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы» атты тарихи кинодастаны жол тартады.

Тарихи кинодастан Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуі мен жеке хандық құру кезеңін қамтиды. 15-ғасырдың орта тұсынан сыр шертетін туынды ел мүддесі үшін қасық қаны қалғанша күрескен батырларымыздың ерліктері мен таққа таласқан хандардың әрекетін әшкерелейтін көріністерге толы. Картинадағы Бұрындық сұлтанның рөлін сомдаған актер Аян Өтепберген сериалдаң сәтті шыққанын айтады. Жас та болса ол қазақ хандығын 31 жыл бойы басқарған Керей ханның қатыгез ұлын сомдаған.

АЯН ӨТЕПБЕРГЕН,  актер:
- Бір сөзбен айтқан кезде бұл тарихы сериал, бұл біздің ата-бабамыз туралы сериал. Сондықтан көру керек, басқа сериалдармен салыстыруға мүлде келмейді.
    
Фильмде Керей мен Жәнібек елге үстемдік жүргізуді мақсат тұтқан  Шайбаншахпен тайталасқа түседі. 1457 жылы Сығанақ маңында болған ойраттармен шайқаста жеңілген Шайбаншах олармен бітімгершілікке келеді. Алайда көшпенді халықты уысынан шығармау үшін аяусыз саясатын жүргізуді тоқтатпайды. Ханның озбырлығына төзе алмаған Керей мен Жәнібек оған қарсы шығып, маңайындағы ұлыс-тайпалардың басын қосып, Моғолстан шекарасына көшіп кетеді де, сол жерде жаңа хандық бой көтереді.

ДАМИР АЙНИКЕЕВ, компьютерлік графика бойынша продюсер:

- Менің ойымша, жұмыс барысында туындаған барлық қиындықтарға қарамастан біз көп дүниеге қол жеткіздік. Кинотехнология деңгейінде сериал жасап шығару өте ауыр. Бұл 3 толықметражды картинамен пара-пар. Көрермендерді бұрын соңды қазақ телевизиясында болмаған компьютерлік графикамен қуантайын деп отырмыз.  

Фильмнің сценариін белгілі жазушы Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов пен режиссер Рүстем Әбдіраш бірігіп жазған. Ал негізі идеясы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші бөлімінен алынған. Тарихи кинодастан арнамыздан 19-24 наурыз аралығында кешкі 22:00-де көрсетілетін болады.

Жанар Жолтаева, Данияр Жүсіпов

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )