Төтенше жағдай қызметі тасқынға дайын болмай шықты

Төтенше жағдай қызметі тасқынға дайын болмай шықты

19.04.17, 20:28

Тасқынға қатысты оқу-жаттығуды әдетте күшті өткіздік деп есеп беретін мамандар, осындай шараны тасқынның алдында ұйымдастырған болатын. Ақмола облысында тура бір апта бұрын жаттығу жасаған төтенше жағдайлар қызметі жұртқа тас түйін дайынбыз деп уәде берген. Бір қызығы, енді дәл сол жерде Шағалалы өзені тасып, тас жолды су басып қалды. Тұрғындар тура төтенше жағдай болғанда құтқару қызметінен бірде бір адамды көрген жоқпыз, -  дейді.

 

Көкшетаудан Красный Яр ауылы 10 шақырым жерде, ауылға кіреберісте Шағалалы өзені өтетін көпір бар. Наурыз айында төтенше жағдай қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мұз қатқан өзеннің айналасында оқу - жаттығу өткен болатын. Сол кезде басшылар қауіптің бетін қайтаруға тас түйін дайынбыз деген.

 

ҚАНАТ  ДОСПАЕВ, Ақмола облысы ТЖД басшысының орынбасары:

- Жоспар бойынша оқу-жаттығуға 287 адам мен 92 техника жұмылдыру көзделді. Ақмола облысының азаматтық қорғаныс бойынша мемлекеттік жүйесі тасқынмен күресуге дайын.

 

Осылай деп білектерін сыбанып отырған құтқару қызметінің мамандары дәл оқу - жаттығу өткізген жердегі Шағалалы өзені арнасынан асып, тас жолға жайылғанда, қауіптің бетін  қайтаруға қауһарсыз болып шықты. Тасқынның кесірінен бір апта бойы жол жабылып, 10 мыңнан астам тұрғыны бар Красный Яр халқы Көкшетауға қатынау үшін айналмалы жолмен жүруге мәжбүр болған. Бұл тура жолдан екі есе ұзақ.

 

ТИМУР  ИСЛАМОВ, Красный яр ауылының тұрғыны:

- Айналмалы жол арқылы Көкшетауға шамамен 20-30 шақырым  жер. Осы жерде тасқынға дейін оқу-жаттығу өтті. Енді қазір су басқан жолда олардың біреуі де  жоқ.

 

МЫРЗАБЕК МЫРЗАХМЕТОВ, Көкшетау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Күн күрт жылынып, Шағалалы өзенінде су қоймасы  шамадан тыс суға толды.Салдарынан қоймадан қатты нөпірмен су ағызуға тура келген. Аққан судан  өзен арнасынан  асып, Красный яр елді мекеніне кіре берістегі жолды су басты.

 

Әкімдік пен төтенше жағдай мамандары судың басылғанын күткеннен басқа амалдың жоқтығын айтады. Бастысы ауылға кірмеуін бақылып  отырмыз дейді. Алайда, су басқан жолда жалғыз полиция көлігінен басқа бақылап отырған ешбір адамды көрмедік дейді тұрғындар.

 

Ерболат Асылбеков

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар