Aқтөбеде су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр

Aқтөбеде су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр

19.04.17, 20:29

Aқтөбеде су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр. Бүгін түнде Қарғалы өзені сағасындағы екі бірдей ауылдың бірнеше үйі суға кетіп, 400 -ден аса тұрғын қауіпсіз жерлерге көшірілген. Қазір суға кету қаупі бар деген ауылдарда төтенше жағдай қызметкерлері күні-түні күзетте тұр. Жалпы соңғы төрт күннің ішінде Ақтөбеде суға кеткен тұрғын үйлердің саны мыңға жуықтады.  Қалада 16 сәуірден бері жарияланған төтенше жағдай әлі сақталып тұр.

 

Түнде көз жанарын ілмеген көптің бірі - Айнаш Оразова. Үйге жақын өзен арнасынан тасып үйіне кірмегенімен, қорасы мен ауланы шайып өтіпті.

 

АЙНАШ ОРАЗОВА, Садовый ауылының тұрғыны:

- Өте қиын жағдай болды. Түнімен жүрдік. Қиыншылыққа баттық. Кешке дейін уже үлкен су келді. Экскаватор, Камазбен құм тасыды.

 

Қарғалы өзенінің жағасындағы екі ауылдың қазіргі жағдайы мәз емес. Аяқ асты келген судың деңгейі бір метрге дейін көтерілген. Үйлерін толықтай су шайып кеткен тұрғындар,баспаналарымызды тастап, туыстарымыздың үйінде бас сауғалап жүрміз дейді. Ал ауылға келген тасқын суды биліктегілер өз қолдарымен жасап отыр,-  дейді ренжулі халық. Айтуларынша, қара халықты зар жылатпай, төтенше жағдайдың алдын-алуға болар еді.

 

МАҚСАТ НӘЗИЕВ, Садовый ауылының тұрғыны:

-  Ана Қарғалының қожайындары бар. Солар ана балық кетіп қалады, су кетіп қалады деп суды жіберген жоқ. Суды азайтқан да жоқ. Болары болған кезде барды ба платинаны ашты. Қанша халық қиыншылық көріп жатыр. Қанша үкіметке ущерб. Мұның алдын алуға болатын еді. Бұл МСЧ-тің қателігі.

 

Екі бірдей ауылды басқарып отырған әкім "Қарғалы су қоймасын тағы да ашып жібермесе, ауылға енді келер қауіп жоқ" деп отыр. Су астында қалған үйлердің шығынын су тартылғаннан кейін ғана комиссия келіп есептейтін болады.

 

БАҚҰЗАҚ ДАРИН, Благодар ауылдық округінің әкімі:

 - Бүгінгі күні жағдай жаман емес. Екі үй суға кетті. Қалған мына жақтағылар алдын- ала қауіп бар деп шығарылды, бірақ олардың үйін су алған жоқ.

 

Ал осыдан екі күн бұрын төтенше жағдайлар департаментінің басшысы "Қарғалы су қоймасын ашып су жібереміз, бірақ ол су қалаға тек екі күннен кейін ғана келеді" деп есеп берген болатын. Алайда екі күннен кейін келетін су бір күннің ішінде қалаға жетіп, халықты тағы да әбігерге түсірді. Су тасқыны кезінде тұрғындардың дені шағымданған құтқарушылардың жұмыстарына облыс әкімінің де көңілі толмайтын болып шықты. Өңірдегі төтенше жағдайды тек смс хаттама арқылы жіберіп, халық шулап жатқанда жайбырақат отыратын құтқарушы топқа бұдан былай жедел әрекет етуге бұйырды.

 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, Ақтөбе облысының әкімі:

-  Неге адамдар келіп айтпайды? Громко говорительмен жүріп неге айтпайсыңдар? Соны жасау керек. А то сендер смс жібересіңдер де отырасыңдар.

 

Облыс басшысы "суға лық толған қойманы ашпасқа амал болмады, егер күніне үш миллион текше метрге жуық су айналдырып отырған қойма бұзылса  бүкіл қала суға кетер еді" деп отыр. Бүгінде сол екі су қоймасынан жіберілген су 700 -ден аса үйді шайып, 2000 -ға жуық ақтөбелікті баспанасыз қалдырды.  Барар жері жоқ 700 -ге жуық отбасы бала-шағасымен қаладағы 9 мектепке уақытша орналастырылды. Оның 350-і балалар. Қазір уақытша пункттерде жатқан жандарға ақтөбеліктер ішер асы мен киер киімдерін жинап беріп жатыр. Кезекпен жұмыс істеп жатқан дәрігерлер медициналық көмек көрсетуде. 102 адам психолог мамандардың көмегіне жүгінген.

 

Жанар Қожанова, Бағдат Баймурзин

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар