Н.Назарбаевтың сақал мен балаққа қатысты пікірі қызу талқыға түсті

Н.Назарбаевтың сақал мен балаққа қатысты пікірі қызу талқыға түсті

20.04.17, 18:52

835 0

Нұрсұлтан Назарбаевтың дін өкілдерімен кездесуінде айтқан сақал мен балақ, қара киімге қатысты пікірін әркім әр түрлі талдай бастады. Бірі оны тура мағынасында қабылдамау керек десе, енді біреулер иман деңгейі сақалмен өлшенбейді деген пікірде. Ал дінтанушылардың бір тобы салафизм сияқты теріс ағымдардың салдарымен емес, себебімен күресу керек дейді.

 

Халықтың көкейінде жүрген мәселе президенттің сөзінен соң, қайта қызу талқылана бастады. Дін өкілдері өздерінше түсіндірсе, саясатанушы, заңгер мамандар өз пайымдарын алға тартуда. Дәстүрге сай емес исламдық атрибуттарды шектеуді ұсынған Нұрсұлтан Назарбаевтың ойын Бас мүфти де қуаттағандай.

 

- Құдай деген адамның жүрегінде болу керек емес па?

- Дінге де жатпайды ол. Бетті тұмшалау. Шариғатта да жоқ нәрсе.

- Шариғатта да жоқ?

- Жоқ, арабтың өзінің салт-дәстүрі бізге келген.

- Біз дінімізбен бірге ұлттық дәстүрімізді мықты ұстауымыз керек.

 

Конституция бойынша наным-сенімге шектеу қоймаймыз деген Қазақстан билігі нақты қандай заң қабылдайтыны белгісіз. Дамыған өзге елдер де діни экстремизммен күресте нақты тыйымдар қолдана алмай отыр. Президент пікірі қоғамдағы нақты бір топқа бағытталды деген дінтанушы қысқа балақ, қара киімділердің негізгі қателіктерін айтты.

 

ҚАЙРАТ ҚҰРМАНБАЕВ, дінтанушы:

- Кейбір шектен шығушы радикалды топтардың көп жағдайда исламды формалық, киіммен немесе түр-келбетпен шектеп жатуы исламның мазмұнына, мән-мағынасына үңілмей, сыртқы формасына қарау арқылы көп қателіктерге ұрынып жатады.  

 

Саясаттанушы Расул Жұмалы діни экстремизм бұл күрделі проблема, оны шешудің жолы да күрделі болады дейді. Сыртқы келбет пен киім-кешекке тыйым салу аздық етеді деген пікірде. Теріс ағыммен күресудің жалғыз жолы - үгіт-насихат, қоғамды сауаттандыру деген сарапшы дамыған, зайырлы елдер де тек осы тәжірибеге сүйенеді дейді.

 

РАСУЛ ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

- Адалдық, тазалық, руханият сияқты мәселелер екенін түсіндіру. Осындай нәрселерге басымдық беру. Бұл руханият жағы. Бірақ біздің байқайтынымыз, Қазақстан болсын, басқа мемлекеттер болсын жиі болатыны, жастардың, азаматтардың кері діни топтардың, секталардың қатарына кіріп кетуіне олардың әлеуметтік, қаржылық қиындықтары да мұрындық болады.

 

Ал халыққа уағыз айтып, насихат жүргізетін діни басқарма өкілдері бұл қауіптің алдында қауқарсыз деген маман дін қызметкерлерінің мәртебесін арттыруды ұсынады. Тіпті, бас мүфти ел алдына жиі шығып, өзінің беделін арттырса дейді. Ал дінге қатысты жаңа ұстанымдар Ресейден елге оралған Марат Тәжинмен байланысты болуы мүмкін.

 

Жарас Ниязбек, Думан Сүлейменов

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян