Еліміздің солтүстігінде тасқыннан тағы да мал қырылуда

Еліміздің солтүстігінде тасқыннан тағы да мал қырылуда

20.04.17, 18:55

Бірнеше ауылы судың астында қалған еліміздің солтүстігінде тасқыннан тағы да мал қырылып жатыр. Кеңес ауылында өзен суы тасып, алпыс төрт жылқы арам өлген. Тіпті кей тұрғындардың қорасындағы барлық малы толықтай суға кетіп, ауыл халқы шығынға батқан. Бұдан бөлек, үйдің биіктігіндей болатын мұз сеңі жүріп, Шал ақын ауданындағы үш ауыл төртінші тәулік жарықсыз отыр.

 

Кеңес ауылына аяқ асты келген тасқыннан Мұрат Кенжалинның да малы қырылған. Есіл ернеуінен асып, өзен деңгейінің әп-сәтте көтерілгені соншалық бір үйір жылқы судан шыға алмай қалған екен. Тіпті суға кеткен малды құтқарып қалуға төтенше жағдай мамандары да көмектесе алмады дейді.

 

МҰРАТ КЕНЖАЛИН,  Кеңес ауылының тұрғыны:

- Тізеге дейін тұрды. Төрт бас мына жерде кеудесіне дейін тұрды да кетті суға. Осы ағаштардың ішінде жатыр.

 

РУСЛАН ЖАСҰЛАНҰЛЫ, тілші:

-  Ауылдың жиырма бес жылқысын ғана судың ортасынан құтқарып алып шыққан. 64 жылқы судың ортасында қалып, батып кеткен. Барлығы о басында ана жақтағы аралды қалып қойып отыр.

 

Тұрғындар  тасқын кезінде өрісте барлығы тоқсан жылқы жүрді дейді.  Жан -жағынан қоршаған судан малдың көбі суықты көтере алмай, тұншығып арам өлген екен. Соның кесірінен жетпіс үй түтінін түтетіп отырған ауыл халқының жартысынан көбі қорадағы малынан айырылған.

 

МЕРЕКЕ ТӨКЕНОВ, Кеңес ауылының тұрғыны:

- Үш тай, үш бие кетті. Көмегі бар ма деп ойлаймын. Балалар өсіп келе жатыр. Бағып-бағып, далаға кетті.

 

ОРАЛ БАЙДАЛИН, Кеңес ауылының тұрғыны:

- Енді оған Үкіметтің көмегі болса ешкім қарсы емес. Жұмыс істемейтін, не өзі не жолдасы. Сондай адамдардың екі бас қарап отырған малы кетті суға.

 

Сондай-ақ, Есіл өзенімен үйдің биіктігіндей болатын мұз сеңі жүріп, электр трансформаторын қиратып тастаған. Сол себепті төрт күннен бері Кеңес ауылының тұрғындары жарықсыз отыр.

 

МЕЙРАМ СҮЛЕЙМЕНОВ, Жаңажол ауылдық округінің әкімі:

- Өтемақыны біз әлі білмейміз. Қалай төлейтінін. Кім төлейтінін. Өйткені бір үйден бес бастай кетті ғой. Дәл қазір оны толық айта алмаймын. Ақылдасып қарастырамыз.

 

Ал санаулы минуттарда ғана бар малын ағызып әкеткен тасқыннан соң, халық үкіметтен ғана көмек сұрайды.

 

Руслан Жасұланұлы, Райымбек Бигужаев

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар