Ақмола облысы Кенесары ауылының тұрғындары малдарын өріске шығара алмай жатыр

Ақмола облысы Кенесары ауылының тұрғындары малдарын өріске шығара алмай жатыр

20.04.17, 18:55

749 0

Ақмола облысы Кенесары ауылының тұрғындары малдарын өріске шығара алмай жатыр. Себебі мал шығаратын жолды тасқын су шайып өтіп, бұзылған жер терең жыраға айналған. Тұрғындардың айтуынша, күн сайын тасқыннан пайда болған жыраның жары құлап, жақын маңдағы үйлерге жақындап келеді екен.

 

Шортанды ауданынан басталатын Қалшақты өзенінің суы Кенесары ауылындағы тоғанға келіп жиналады. Тұрғындардың айтуынша, тоғаннан асқан су мына құбырлар арқылы бөгетке жетіп, әрі қарай өзенге құйылады. Ал, бөгет жолы арқылы халық өзеннің арғы бетіне шығатын.

 

ЕРБОЛАТ АСЫЛБЕКОВ, тілші:

- Бұл жол арқылы тұрғындар малдарын өріске шығаратын еді. Сондай-ақ, тұрғындар зиратқа қатынайтын болған. Қазір бұл жолмен жүру  мүмкін емес. Себебі тоғанның суы бөгетпен бірге жолды да бұзып өткен. Қазір бұл жер тереңдегі 10 метрге дейін жететін сайға айналды.

 

Ал, пайда болған жыраның ұзындығы 300, ені 50 метрге жуық. Ең қауіптісі сол, деңгейінен асқан тоған суынан пайда болған жыраның жары бірте-бірте құлап, ауылдағы үйлерге жақындап келеді. Әсіресе, қорасына небәрі 2 метрдей қалған Қозыбек Назаров, бір күні үй жайыммен бірге жердің астында қаламын ба деп алаңдайтынын айтады.

 

ҚОЗЫБЕК НАЗАРОВ, Кенесары ауылының тұрғыны:

- Апрельдің 6-7-сінде болды. Су толып кетті. Бұрын анау сифондар үлгеретін. Үш күн ақты. Үлгермеді. Содан районнан, облыстан мчстер келді, не істейміз, не істейміз  деп жүріп, түк те істей алмады.

 

Сондай-ақ, жыра жолында тұрған құбырды қиратып, бірнеше үй ауыз сусыз қалды. Жазықта тұрған құдық та құрдымға кеткен.

 

БОЛАТ ӘМІРЕНОВ, Кенесары ауылының әкімі:

- Күн күрт жылып кеткендіктен қалың қар еріп, тоғанның суы 1 метр 40 сантиметрге дейін көтерілді. Тұрғындардың  айтып жүргеніндей тоған бұзылған жоқ. Ондағы су жолының тереңдегі мен ені ғана кеңейді. Малды өріске шығару үшін өзеннің таяз жерінен  өткел жасап жатырмыз.

 

Малмен күнелтіп отырған тұрғындар өзеннің арғы бетіне жол болмаса, жайылымға қыстан жүдеп шыққан малдарымызды күйлендіру қиын болмақ дейді. Ауыл әкімі әзірге тек өзеннің басылғанын күтіп, таяз жерінен өткел жасағаннан басқа амалдың жоқтығын айтады. Ал, үйлерге қауіп төндіріп тұрған тасқыннан түзілген терең жыраның қаражатқа байланысты болғандықтан дұрысталуы әзірге белгісіз дейді.

 

Ерболат Асылбеков, Қайдар Айғожа

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян