Қарағандыда бүтін бір ауыл қатынассыз қалды

Қарағандыда бүтін бір ауыл қатынассыз қалды

20.04.17, 18:56

682 0

Нұра өзені Қарағандыдағы бүтін бір ауылды да қатынассыз қалдырды. Тасқын суы Шет ауданындағы Ақиық елдімекенінің жолын шайып өткен. Тұрғындар екі айдан бері ауылдарында қамалып отыр. Тіпті, ауылдың жағдайын білуге барған әріптесім Мейрамгүл Салқынбаева халықпен 150 метр жерден ғана тілдесе алды.  

 

МЕЙРАМГҮЛ САЛҚЫМБАЕВА, тілші:

- 20-ға жуық түтіні бар Ақиық елдімекеніне өту үшін көлігімізді тастап, біраз жаяу жүруге тура келді. Өйткені тасқын суы жолды толығымен шайып өткен. Ал екпіні қатты судан жаяу түгілі, қайықтың өзімен өтуге қорқынышты.

Сондықтан халықтың мұң-мұқтажын ұялы телефон арқылы 150 метр жерден тыңдадық. Сөздерінше, айналаны тасқын суы қоршаған елдімекеннен тұрғындар екі айдан бері шықпаған. Ауылдарында қамалған жұрт басқасын айтпағанда, азық-түліктің өзі таусылғанын айтады.

 

ҚАНАТ ҚАЙЫРЖАНОВ, Ақиық елдімекенінің тұрғыны:

- Су тасығаннан бастап шыға алмай жатырмыз. Азық-түлікке шыға алмай жатырмыз өзіміз. Қиын жағдай болды. Көріп тұрсыздар ғой енді. Көрші маңайдан сұрап жүрміз.

 

Шағын ғана ауылдың жұрты бұған дейін қалаға көпір арқылы қатынаған екен. Бірақ осыдан он жыл бұрын ол жерді су шайып кеткен. Содан бері жұрт тәуекел етіп қыста мұздың үстімен жүріп, көктемде су қайтпайынша ауылдарынан шыға алмай қиналады. Ал биыл жағдай, тіптен ушыға түскен. Өйткені арнасынан асқан Нұра өзені суының көлемі ұлғайып, ауылға кіруге шақ тұр. Халық, тым құрығанда, айналма жолдың да жоғына қынжылады.

 

НҰРБОЛАТ ДҮЙСЕКОВ, Нұраталды елдімекенінің тұрғыны:

- Қыста жастар мұзбен жүреді. Мұз қатып тұрғанда. Ал су кетіп, мұз жоқ кезінде осылай қалады, әбден бәрі құрғағанша.

Ал Ақиық ауылы тұрғындарының мәселесіне шенеуніктер бас ауыртқысы жоқ. «Өйткені, елдімекеннің болашағы бұлыңғыр», дейді. Сондықтан ақша шашып, көпір салу жуық арадағы жоспарларына кірмейді екен.

 

САҒЫНҒАН АХЫМБЕКОВ, Нұраталды ауылының әкімі: 

- Үкімет ол жерге мост салып бермейді. Ол не перспективный село -раз, басқа үлкен мост сала алмай жатқанда ол жерге салып бере алмайды.

 

Әкім жол өткелін халық өз ақшаларына орнатуға кеңес берді. «Өйткені 50-ден астам отбасы тұратын ауылға көпір салуға әзірге қаражат жоқ» дейді.

 

МЕЙРАМГҮЛ САЛҚЫМБАЕВА, ЖАСҰЛАН МАҚҰЛБЕКОВ

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян