Арнасынан асқан Нұра өзені Астананың айналасындағы ауылдарға қауіп төндіріп отыр

Арнасынан асқан Нұра өзені Астананың айналасындағы ауылдарға қауіп төндіріп отыр

20.04.17, 18:56

1052 0

Арнасынан асқан Нұра өзені Астананың айналасындағы ауылдарға қауіп төндіріп отыр. Деңгейі 5 метрге жеткен тасқын су елордадан 30 шақырымда орналасқан Қошқарбаев ауылына кіріпті. Ал, оның қасындағы Шнет елді мекенінің тұрғындарын осы бастан қауіпсіз жерге көшіріп тастаған. Өйткені, Қарағанды жақтан тағы да су келуі мүмкін деген қауіп бар.

 

Бұл - Рақымжан Қошқарбаев ауылына өтетін жалғыз көпір. Кеше кешке Қарағанды жақтан келген су өткелге жетер-жетпес болып тұр.

 

БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ, тілші:

- Мына белгі - 5 жарым метр биіктікті көрсетеді. Дәл қазіргі уақытта судың деңгейі 5 метрден асып тұр. Нұра өзені осыдан 2 жыл бұрын дәл осылай тасығанда айналасы 10 күннің ішінде Астананың жағалай қонған бірнеше ауылды басып қалған болатын.

 

2015 жылғы тасқында Қошқарбаев ауылдық округіне қарасты Ағанас ауылын қайықпен аралаған едік. 30 үйдің бәрі су астында қалып, біразы қирағаны есімізде. Артынша 1 аптадан соң Астанадан 60 шақырымда орналасқан Оразаққа жеткен-ді. Сол кезде Теміртаудағы су қоймасынан секундына 2 мың текше метр су жіберілді делінген болатын. Кешегі Қошқарбаевқа келген су да сол шамада екен.

 

Бұл - Қошқарбаев ауылдық округінің әкімі. Шенеунік, қазір бәрі бақылауда дейді. Алайда, қарашаның үрейі басым.

 

ҰЛЖАН ЕЛУБАЕВА, Целиноград ауданы Р.Қошқарбаев ауылының тұрғыны:

- Жыл сайын бір үреймен күтіп отырамыз осылай. Балаларымызды анда-мында қаңғытып қоямыз. Осылай отырамыз.

 

2 жыл бұрын үйлеріне су кірген осы шеткі 3 үй биыл да зардап шегуі мүмкін. Тасыған өзен қазірдің өзінде іргелерін шайып жатыр.

УӘЛИХАН БЕКОВ, Целиноград ауданы Р.Қошқарбаев ауылының тұрғыны:

- Басқа жерден жер беретін болса осы жерден көшіп, сол жақтан үй салу керек болып тұр. Жылда жылда осылай су келе беретін болса - құлайды мына үй. Қайда барамыз онда?

 

Қошқарбаевта 3 үй қауіпті аймақта тұрса, қасындағы Шнетті толығымен су басып қалуы ықтимал екен. Кешелі бері 101 адам қауіпсіз жерге көшіріліпті. Оның 68-і бала. Ауыл әкімі алда-жалда үйлерін тасқын шайып кетсе, ешкім де далада қалмайды деп отыр.

 

ТАЛҒАТ МҰҚЫШЕВ, Целиноград ауданы Р.Қошқарбаев ауылдық округінің әкімі:

- Ағанасқа салып берген үйдей ол кісілерге де қазірдің өзінде үй салынып жатыр. 5 этаждық үй. + Ауылда 35 үй бар. 35 үйге түгел беріледі пәтер.

 

Әкімнің айтуынша, Қарағанды бағытынан тағы да бірнеше рет су жіберілмек екен. Бірақ, бұл жолы 2 жарым мың текше метрден аз деп отыр. Ал Астананың келесі бөлігіне жақын орналасқан Талапкер ауылында да 1 апта бойы дүрбелең. Мұнда 2 көшедегі үйлердің аулаларын түгелдей дерлік су шайып жатыр.

 

Бақытнұр Әлібай, Ахмедияр Ілиясов

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян