Ақмола облысында суға кеткен үйлердің шығынын есептеу басталды

Ақмола облысында суға кеткен үйлердің шығынын есептеу басталды

21.04.17, 19:07

634 0

Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы 300-ден астам суға кеткен үйдің шығынын есептеу басталды. Тұрғындар тасқыннан кейін бүлінген үйлерін көрудің өзі ауыр екендігін айтады. Тіпті араларында жарамсыз баспанасын көріп жүрегі ауырып, кейбірі көз жастарын мүлдем тия алар емес.

 

Уақытша қоныстану орталығына көшірілген Константин Сараев апат болатын күні шиеттей жеті баласымен бірге үйінде болған. Тасқын судың ағысы қатты болғаны соншалық, көзді ашып жұмғанша үйім суға кетті дейді. Лай су лап қойғанда баспанасынан балаларын аман - есен алып шыққаны үшін шүкіршілік етеді.

 

КОНСТАНТИН САРАЕВ, Балкашина ауылының тұрғыны:

- Далаға шықсам көршімді су басып жатыр екен, 5 минуттан кейін біздің үйді басты. Өзіміз шығып үлгергенмен, затымыз іште қалды.

 

Атбасардан бөлек Сандықтау ауданы бойынша ғана 305 үйге су кірген. Тасқыннан кейінгі үйлердің сыйқы, міне.  Қабырғалары құлап, үйдің ішіндегі тұрмыстық техника, дүние-мүлік толықтай судың ортасында әлі тұр. 

 

ЕРБОЛАТ АСЫЛБЕКОВ, тілші:

- Өздеріңіз көріп отырғандай мына жерде суға кеткен жастықтар, орындық, компьютердің процессоры, тіпті суға кеткен альбомдағы фотосуреттерді де көруге болады.

 

Қазір мемлекеттік мекемелер мен өзге де салаларда жұмыстан босатылған ерікті азаматтар жұмылып, бүлінген заттарды көлікке тиеп жатыр. Кептіруге жарайтындарын аулаға шығаруда.

 

ҚАНАТ БОЛАТОВ, Тарих пәнінің мұғалімі:

- Былай қарағанда зардап шеккен үйлер көп. Іштерінде бүлінген қымбат ақшаға сатып алған заттар да бар.

 

Алайда тұрғындар үшін бұл көрініске қарау тым ауыр.

 

ТАТЬЯНА ГРИГЕРТ, Балкашина ауылының тұрғыны:

- Үйге келгеннен жасымды тыя алмай жүрмін. Үйдің іші астан-кестен. Жақында жүрегіме ота жасалған. Бұны көру маған оңай емес.

 

ГҮЛНӘР ҚАДЫРОВА, Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары:

Қазір ауданда сарапшылар шығындарды есептеп жатыр. Есептен соң тұрғындарға материалдық көмек көрсетілетін болады. 

 

Ал, тасқын кезінде Сандықтау ауылында қайтыс болған 59 жастағы әйелге қатысты әкімдік қызметкерлері бүгін ғана ресми жауап берді. Айтуларынша, тұрғын жүрек талмасынан көз жұмған. Ал тасқынның кесірінен тұрғындар үш күннен артық ауыз сусыз қалған. Гуманитарлық көмектің арқасында бұл мәселе шешіліпті. Қазір зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік пен киім-кешек таратылуда.

 

ЕРБОЛАТ АСЫЛБЕКОВ, ҚАЙДАР АЙҒОЖА

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян