Алматыда басталған 13-ші халықаралық PR-форум өтті

Алматыда басталған 13-ші халықаралық PR-форум өтті

18.05.17, 20:26

Әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс тудырып, халық тарапынан жиі талқыланып, үлкен сынға іліккен мәселелер бүгін Алматыда басталған 13-ші халықаралық PR-форумның тақырыбына айналды. Тілшілер жауапты органдардың сөзге кедей, ақпарат таратуға құлықсыз екенін алға тартса, қоғаммен байланыс мамандары билік бұқарамен әлі күнге дейін сауатты тілдесе алмайтынын ашып айтты.  

 

Қоғаммен байланыс мәселелері талқыланған ірі жиынға әдеттегіше атқарушы орындардың баспасөз хатшылары қатысқан жоқ. Алайда дәл осы мамандар тілшілерге дер кезінде, дәйекті ақпарат жеткізіп отыруға жауапты. Қоғаммен байланыс олқылықтары соңғы жылы ерекше көрініс тапқанын айтқан қатысушылар, олардың бірнешеуін тізбектеп те берді.

 

АЛЕКСАНДР ДАНИЛОВ, "B2C consulting" компаниясының басқарушы серіктесі:

- Деректер жетіспеушілігінен Алматыдағы бір атқыш лаңкестер тобына айналып кетті. Ақпараттық үйлестіру жағы дұрыс ұйымдастырылмағандықтан Ішкі істер министрлігіне жалған хабар таратушылар мен журналистерді қылмыстық жауапкершілікпен қорқытуға мәжбүрледі. Ал сотпен қорқыту бұл ең шеткі шара, атқарушы органдардың байланысты мүлде орната алмау көрсеткіші.

 

Жиынға қатысушылар лауазымды тұлғалардың ақпарат құралдарымен әлі күнге дейін диалог орната алмай келетінін баса айтты. Шенділер тек тендерлер арқылы ақша төлеп, ақпаратын жариялап қана үйренген -деп отыр.

 

ӘСЕЛ ҚАРАУЫЛОВА, Қазақстан баспасөз клубының Президенті:

- Біздің депутаттар, саясаткерлер біржақты байланысқа әбден дағдыланып алған. Алдын ала дайындалған сұрақтар мен алдын ала жазылатын жауаптарға, сценарий бойынша дайындалып барып берілетін сұхбаттарға, тілшілердің не жазатынын біліп отыруға үйренген.

 

Соның салдарынан ақ жағалылар өз көзқарасын білдіріп, тілшілермен пікірталасқа түсуге дайын емес. "Үндемесең, үйдей бәледен құтыласың" деген қағиданы ұстанып, жағымсыз ақпаратқа мүлде жауап бермей қоюды әдетке айналдырған -дейді мінберден сөйлегендер. Ал биліктегілердің бұл көзқарасын түземейінше, елді шулатқан шолақ мәселелердің саны азаймайтына анық.

 

Жанар Жолтаева, Сергей Шуйский

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар