Шымкентте баланың өліміне әкеп соқтырған дерекке қатысты сот процесі аяқталуға жақын

Шымкентте баланың өліміне әкеп соқтырған дерекке қатысты сот процесі аяқталуға жақын

18.05.17, 20:27

Шымкентте де алты жасар баланың өліміне әкеліп соқтырған дерекке қатысты өтіп жатқан сот процесі аяқталуға жақын қалды. Бес бірдей қызылордалық шекарашы қазір айыпталушы орындығында отыр. Прокурор бесеуінде  әскери шендерінен айыруды сұрады.  Шекара қызметі тобының ауысым жетекшісі  5 жылға сотталуы да мүмкін.

 

Шымкенттің әскери сотындағы шекарашыларға қатысты іс бойынша үкім оқылады деп күтілген. Алайда сот тергеуі енді аяқталып, бүгін жарыссөзбен ғана шектелді. Мемлекеттік айыптаушы қатардағы шекарашылардан бөлек, қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен айыпталған әрі қамауда отырған ауысым жетекшісін аға лейтенант әскери шенінен айырып, қос баппен де бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

 

АРМАН АЙТУБАЕВ, Қызылорда әскери прокурорының көмекшісі:

- Қылмыстық кодекстің 58-ші бабының негізінде тағайындалған жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды.  

 

Айыптау жағы елдің шекара аумағын қорғауға ант бере тұра, өкілеттігін кереғар пайдаланған басқа айыпталушыларды да әскери шендерінен айырып, екі жарым жылдан жаза сұрады. Алайда абайсызда баласынан айырылған жәбірленуші ана қамаудағы ауысым жетекшісін кешірітінін айтты. 

 

Жәбірленуші ана:

- Ол маған келтірілген залалдың орнын толтырды. Қазіргі кезде татуластық. Қылмыстық істі қысқартып, бас бостандығы өзінде қалатын жаза тағайындауды сұраймын.

 

Шекара қорғап, кезекшілікке түсуге ерінген бір ауысымдағы бесеу, жетекші сөзін мақұлдап, үйлеріне жасырын тарқасқан. Телефондарын сөндіріп, кездесер уақытын белгілесе де, төтенше жағдай ұрлықтарын әшкере еткен. Жетекшінің қалдырып кеткен тапаншасын тауып алған бірінің ұлы, үйінде абайсызда оққа ұшқан. Барлық шекарашыға ортақ қорғаушы ретінде іске қатысушы адвокат айыпталушылардың барлығына шартты жаза сұрады. Ал ақырғы шешімді сот келесі отырыста жария етпек.

 

Ерлан ҚУАНДЫҚОВ, Ержан СЕЙДӘЗІМОВ

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар