Жұлдыздар жарқырайды: Димаш Парижде, Қарақаттың қуанышы

Жұлдыздар жарқырайды: Димаш Парижде, Қарақаттың қуанышы

19.05.17, 20:57

Әндетіп, сырнайлатып перзентханадан шыққан әнші Қарақат Әбілдинаның бақыттан жүрегі жарылардай күйде.

Атағы күн сайын, тіпті минут сайын асқақтаған Димаш Құдайберген Голливуд жұлдызымен бірге би билеп, ең беделді деген Канн фестиваліне қатысып, қызыл кілеммен жүріп өтті.

 

Әнші Қарақат Әбілдинаның жаңа туған сәбиін көпшілік әлеуметтік желі арқылы көрді. Күні кеше ғана Қарақаттың құрбысы әрі әріптесі Мәдина Садуақасова әншінің үйінде қонақта болып көпшілікке нәрестені көрсетті.

 

Тек Мәдина ғана емес, дәл сондай суреттерді Қарақаттың жақын құрбылары Тамара Асар, Айнұр Тұрсынбева,  Алтынай Жорабаева да жариялады.

 

Төрт ұлдан кейін қызды болған Қыдырәлі мен Қарақат бүгінде елдің назарында. Үш күн бұрын босанып, аяқ қолын бауырына алған әншіні Астанадағы "Ана мен бала" перзентханасынан шығарып алды. Қарақатты дәл осындай қуанышты күнде қолдауға ұлдары, туыстары және өнер мектебінің оқушылары келіпті.

 

Қарақат Әбілдина, Қыдырәлі Болманов:

- Осы қай жерде болмасақ та айналайын кесте тігерің болсын деп, осы халықтың көп тілегі көл. Алла тағала қабыл етіп, тағы да бір тамаша отбасымызға гүл, қыз келді деп бақыттан сондай жарылардай. Төбем көкке  бір елі жетпей тұрғандай сондай ғажап күй кешіп тұрмын. Рахмет сіздерге. 

 

Жұлдызды жұп баласының есімін қырқынан шығармайынша, елге жарияламауды жөн санапты. Себебі, кішкентайға тіл-көз тиюден қорқады екен. Нәрестенің салмағы - 2 келі 800 грамм, бойы - 52 сантиметр.

 

Бүгінде Димаш Құдайберген сұранысқа ие ең жас әлемдік жұлдыздардың біріне айналуда. Осыдан бір ғасыр бұрын таңғажайып дауысымен Париж жұртшылығын баурап алған Әміре Қашаубаевтың ізін кейін опера әншісі Майра Мұхамедқызы жалғастырса, енді міне, Димаш Құдайберген. Франция астанасында өткен қайырымдылық шарасына  қатысқан ол өз елінің абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.

 

Димаштың қайталанбас жетістігіне шоу-бизнес өкілдері дән риза.

 

Заттыбек Көпбосынұлы:  

- Қытайдың өзі қаншама миллиард оның ішінде танымайтындары қаншама солардың өзін таңдай қақтырып, талантымен тәнті етіп жатуы біз үшін үлкен қуанышты нәрсе. Тек оның әртүрлі әңгімелер айтып жатыр ғой, бұрын Қазақстан таныса қайда қалды деген сияқты. Мүмкін оның үні халыққа қатты сіңе қойған жоқ шығар.  

 

Жазира мен Жанболат:  

- Өз басым Қазақстанда жүріп ән айтпай, шетелде жүріп Қазақстанның атын шығарып жүре берсе екен деймін.

 

Айдар Байжанбаев, «Жігіттер» тобының әншісі:

- Қазақстан атынан алғашқы деп ойлаймын. Әлемдік сахнада жүрген. Сондықтан, бұндай нәрсе бізге керек еді. Біздің халық әнін таныту керек болды. 

 

Франция төрінде анау-мынау емес, голливудтың ең танымал және ең тартымды актрисасы Ева Лонгориямен би билеу де Димашқа арман емес.

 

Жыл сайын әлемнің әр түкпірінде ұйымдастырылатын қайырымдылық шарасы биыл Парижде өткен. Ауқымды жоба бизнесмендер мен танымал адамдардың басын қосады. Бұл шараға Димашты жобаға жетекшілік ететін Еваның өзі арнайы шақырыпты. Кеште Димаш «Allbymyself» әнін орындап жиналған қонақтардың аузын аштырып, көзін жұмдырды.

 

Сосын... Сосын Канн фестивалінде Димаш қызыл кілеммен жүріп өтті. Жақында әншінің туған күні. 24 мамырда небәрі 23 жасқа толатын Димаштың кешіне қытайлық фанаттары қазірден бастап дайындықтарын бастап кетіпті. Қытайдың 15 қаласында бірдей үлкен ЛЕД экран арқылы құттықтау сөздер бір мезетте жазылатын көрінеді. Тіпті, әншінің қазір тұрып жатқан Бейжің қаласында арнайы шоу ұйымдастырылмақ. Олар Алматыны да ұмытпапты.

 

Әлем таныған Димаштың ендігі жоспары «ЕХРО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылатын "Бастау" атты жеке концертін абыроймен өткізу. Танымал әншінің кеші тосын-сыйға толы болғалы тұр.

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар