Ақтөбеде тасқын судан үйлері қирап қалған тұрғындар әлі де көмек ала алмай жүр

Ақтөбеде тасқын судан үйлері қирап қалған тұрғындар әлі де көмек ала алмай жүр

19.05.17, 20:58

Ақтөбеде тасқын судан үйлері қирап, далада қалған тұрғындар жергілікті биліктен әлі де болса жеткілікті көмек ала алмай жүргендерін айтып шағымдануда. Алғашында тұрғындарды мектептерге орналастырып, артынша пәтер жалдауға 30 000 теңгеден үлестіріп берген билік өкілдері жағдайды бір айдың ішінде шешуге уәде еткен еді. Алайда,  арада бір айдан астам уақыт өткенімен, мәселенің  шешілер түрі көрінбейді.

 

Тұрсынгүл Ерубаеваның бір түннің ішінде төбесі опырылып ортасына түскен үйін күнде келіп қарап кетуден басқа амалы жоқ. Баспанасынан айырылып, үш бірдей баласымен тума жағалап жүргеніне бір айдан астам уақыт болыпты. Содан бері не биліктен, не басқадан көмек көрмедім дейді. Басында құрылыс материалдарын алып беруге жәрдемдесеміз деп уәде еткен жергілікті әкімшілік, енді сөздерінен айнып, күнде ертеңмен шығарып салатынын айтады. Тіпті осы күнге дейін қираған үйіме комиссия да келмеді дейді.

 

ТҰРСЫНГҮЛ ЕРУБАЕВА, тұрғын:

- Акимат қайда қарап отырғанын білмеймін. Осы халықтың жағдайын ойламаса білмеймін. Күнде барамыз. Күнде ертеңмен шығарып салды ғой уже. Бір айға дейін күтіп келдік. Енді бір ай күттім. Бұдан артық шыдамның да шегі бар. Қайда барам? Білмеймін ары қарай қайда баратынымды.

  

Тұрғынның бұл жан - айқайынан әкімшіліктегілер хабардар екен. Айтуларынша, үй тұрғызуға береміз деген қаражатты аздық етіпті. Арада бір айдан астам уақыт өтсе де жағдайды шешуге асықпайтын билік өкілдері тұрғынның арызы енді қайта қаралады деп отыр. Оған қоса биліктен көмек күтіп отырған әлі 400 - ден астам отбасы бар көрінеді.

 

ЛӘЗЗАТ ОРАЗБАЕВА, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:

- Ол кісі сертификатты беріңіз дейді, сосын жердің ақшасын беріңдер дейді. Разрушенный домдардың барлығына бір миллион теңге сертификат жаңағы 5x8 көлемдегі үйге құрылыс материалдары үшін беріліп жатыр. Бәріне солай.

 

ЖАНАР ҚОЖАНОВА, тілші:

- Бір айдан бері үй -күйсіз, бала -шағасымен далада қаңғып жүрген отбасының жағдайы, міне осындай. Он жылдан бері тұрған баспанасының орнында қазір тек қираған үйдің үйіндісі ғана жатыр. Бір айдан бері жергілікті әкімшіліктен көмек күтіп шаршаған тұрғын, билік басындағылар шамалы тәубеге келіп, қарапайым халықтың жағдайын ойласа екен дейді.

 

Жанар Қожанова, Бағдат Баймурзин

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Жаңа бейнебаян

Басқа жаңалықтар