Зейнетақы қоры 8 миллиард 390 миллион теңгеге жуық қаражатты іссапарларға жұмсаған

Зейнетақы қоры 8 миллиард 390 миллион теңгеге жуық қаражатты іссапарларға жұмсаған

19.05.17, 21:00

872 0

8 миллиард 390 миллион теңгеге жуық қаражатты "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" былтырғы жылы қызметкерлеріне жалақы төлеу мен іссапарларға  жұмсаған екен. Квазимемлекеттік компанияның шығындарына зейнетақы қоры жанындағы қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі, экономист Рақым Ошақбаев шүйлігіп отыр. Бұрынырақта вице-министр қызметін атқарған экс шенді 1 жылдың ішінде министрлік те мұндай ірі көлемде қаражат жұмсамайтынын айтты. Миллиардтардың қайда кеткенін Жанар Жолтаева зерттеп көрген еді.

 

Өзінің фейсбук парақшасында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының" шығындарын тізбектеген Рахым Ошақбаев жылдар бойы жалақыға, іс сапарларға, өзге де қажеттілікке жаратылған қаражатқа алаңдап отыр. Айтуынша, жұмысы жинақтар туралы түбіртек таратумен ғана шектелетін мекемені асырауға миллиардтар жұмсалып жатыр. Мәселенің басын ашып алу үшін қор басшылары өз айлықтарын, штаттық кестені, төленетін бонустар мен іс сапарлар шығындарын жеке-жеке ашып көрсетсін -деп талап етуде.  

 

 РАХЫМ ОШАҚБАЕВ, экономист:

- Email арқылы көшірме таратумен ғана, өзгеше айтқанда тек техникалық жұмыспен ғана айналысып отырған қордың бөлімшелері мен жұмысшылары өте көп, жалақылары тым жоғары. Негізі бұл қордың қажеті де жоқ сияқты. Себебі олардың жұмыстарын халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Қазпошта да орындап отыр. Бізге бұл ұйымды асырау неге соншалықты қымбатқа түсіп отыр?

 

Зейнетақы қорының есебіне біз де үңіліп көрдік. Былтырғы жылы квазимемлекеттік компания 8,3 миллиард теңгеден астам қаражатты расында да жалақы мен іс сапарларға жұмсаған екен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары. Өзге де әкімшілік шығындарға қор 2,7 миллиард теңгеден астам ақша жаратқан. Ол 2015 жылмен салыстырғанда 44 пайызға жоғары. Бұл қор шығындары. Ал ең негізгісі кіріс көлемі небәрі 1 пайызға ғана артқан көрінеді. Компанияның таза пайдасы да көңіл қуантпай отыр. Ол 2015 жылмен салыстырғанда 24 пайызға құлдырап кеткен.

 

ДОСЫМ СӘТПАЕВ, саясаттанушы:

- Біз депутаттардың, министрлердің, әкімдердің айлықтарын білеміз. Алайда біз квазимемлекеттік құрылымдар өкілдерінің жалақысынан бейхабармыз. Ұлттық компания басшыларының еңбекақыларын білмейміз. Ол бұның бізге қатысы жоқ деп есептейді. Дәп осылардан бастау керек. Егер халық сенімінен шығамын десең, жария бол, жасырмай қаз-қалпында көрсет деп талап етіп отырмыз зейнетақы қорынан.      

 

Саясаттанушы халықаралық Әзірбайжан банкінің дефолты туралы хабардың таралғанына бір апта уақыт өтсе де, халық шулап, депутаттар сауал хат жолдап, банктердің басшылары пікір білдіріп, тіпті ешкім танымайтын әзірбайжан заңгері сұхбат беріп жатқанына қарамастан, еліміздегі қаржы бақылауын іске асыратын ең негізгі құрылым

 

Ұлттық банк жақ ашпай отыр -дейді. Сәтпаевтың пікірінше, бұл қор құрылғалы бері құпия, бөтен көздерден таса жасалған инвестициялардың басы ғана. Ол болашақта зейнетақы жүйесіне қатысты талай сырлардың ашыларына сенімді.

 

Жанар Жолтаева, Сергей Шуйский

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян