Сөздің шыны керек

Сөздің шыны керек

15.05.14, 21:52

8877 0

Қазақстан тәуелсіздік алғанда, қуаныштан көздеріне жас алған шетел қазақтарының бүгінгі көз жасының себебі неде? "Сөздің шыны керекті" бірге көрейік.

Қытайдағы қазақ отбасының тепкінің астында қалып, "қазақ, сенің сұрауың жоқ!" деген сөз естуі - ұлтымыздың миллиондаған азаматының намысына тиді. "Алтайдың арғы бетіндегі қазақтың табанына кірген тікен - менің маңдайыма кірсеші" деген өкініш көкіректі өртегенімен, Қазақстан тарапынан нақты қадам болған жоқ. Әлемнің 35 елінен өкілдік ашқан қауымдастық та "бас жарылса, бөрік ішінденің" керін келтірді.

ТАЛҒАТ МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Ең алды біліп алу керек. Қайдан болды? Неден болды? Не нәрсе? Біздің сол жақта елшілігіміз бар, адамдар бар. Мәліметін нақты біліп, соған қарай шара тиісті қолданылады. Қолданыссыз қалмайды. Ал байбалам салып, жөні жоқ 31 канал қайта-қайта бұны дүрліктіре беруді қою керек. 

Ақыры, "не болғанын, неге болғанын" өзіміз білдік. Мүлікті сүрмек болған қытай компаниясы кешірім сұрап тынды. Бірақ, бұл оқиға Қытайдағы бір жарым миллион қазақтың қорғансыз, панасыз, артығырақ кетсек кешірерсіздер, сұраусыз екенін көрсетті. Арашаға сол өңірдегі бір топ қазақ жастары түспегенде, аяғын тартар компания бар ма еді? 

Ал, Қазақстанда 352 мың орыс оқушысының 348 мыңы орыс тілінде оқыса да, Ресейде отырған 700 мыңға жуық қазақтың тым құрығанда, 1 толыққанды қазақ мектебі жоқ. Жалғыз аралас мектепте 60 бала қазақша білім алады. Яғни, Кеден Одағы боп жатқан ел қазақ диаспорасына пысқырмайды да. Өзбекстандағы 1 миллионнан астам қазақтың болса, Шымкентке қоныс тебуі де Үкіметтің заңына қайшы.

Нұржан НҰРАШЕВ, ОҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы көші қон бөлімінің басшысы:  Оралмандарды беру қағидасы мына 8-ші сәуірден бастап күшіне енді. Ол бойынша жаңағы оралмандарға мәртебе беру тек қана жаңағы ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерде ғана келген оралмандарға оралман мәртебесі беріледі. Сондықтан біздің Оңтүстік Қазақстан облысында жаңағы оралман әртебесін беруді 8-ші сәуірден тоқтатты.

Усман ЖАҢАБАЕВ, оралман:

Солтүстік облыстарға барғымыз жоқ. Барғанда да ешкіміміз жоқ біздің. Мына жақтан барудың өзі ақша. Ақша табу проблема қазір. Оны жақсы түсінесіздер өздеріңіз де.

Сөздің шыны керек, Серік Ахметов Үкімет басында тұрғанда, оралмандарға қатысты заңнама қырық құбылды. Жаңаөзендегі оқиғаны "оралмандар ұйымдастырыпты" деген жалалы сөз желдей ескені себеп болды ма, "Ақжол" партиясының сауалына Ахметов: "Оралмандар өз елінің заңы бойынша өмір сүре береді" деп, азаматтықты 5 жыл тұрғандарға ғана беретін етті. Ал, оны министр Досаев шімірікпестен Атымтайлық сияқты көрсетіп, жаңа тарихқа енді.

ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі:

Біз сол квотаны әдейі алып тастап жатырмыз, апаларымыз бен ағаларымыз келсін деп, симай жатыр ғой.

Әлемнің 35 еліндегі бүгінде 6 миллионға жуықтап қалған қазаққа 2008 жылдан бастап жылына 20 мың отбасылық квота бар еді. Тіпті, "Нұрлы көш" атты бағдарлама шыққан. Бірақ, соның бәрі шұнтиған үстіне шұнтия түсіп, ең соңында азаматтық 1 жылда беріледі, өңір таңдау еркі өзінде дегенге ел бөркін аспанға атып қуанатын жағдайға түсті.

ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Біздің қандастарымыз республиканың қай облысына барса да оларға оралман мәртебесі берілетін болды. 

Бірақ, бұл Үкіметтің жарылқауы емес екен. Өйткені, министр ханым айтқан мәселе - әлі идея күйінде. Ол іске асуы үшін алдымен "Көші-қон туралы" заң Мәжілісте екі оқылып, Сенатта мақұлданып, қайтадан Президенттің қол қоюына жіберілуі қажет.

АУЫТ МҰХИБЕК, ақын:

Осы нәрсе тек алдау ғана болып қала ма деп қорқамын.

Бұған қоса, заңда "сотталмағаны туралы анықтама", азаматтықтан шығу сияқты кедергілер көп. Алаяқтарға тап болып, Моңғолияға кері қайтқан 800 отбасы сол күйі оралмады. Өскеменнің іргесіне қағаздан үй салып беріп, электрге миллиондап қарыз болған ағайынның көз жасы әлі кепкен жоқ. Сыртта аңырап жүріп, "әлһамдуилла, алты миллион қазақпыз" дейтін бауырларымызды да, іште жүріп 1 миллион боп өстік деген ағайынды да шын жүрегімен елеп-ескеретін ешкім болмай отыр.

АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫ, ақын:

Кімсің деме ағайын, оралманбыз.

Көк туына тамызып көздің жасын

Сағынышын сарыққан мол арманбыз.

Қазақстан, бір жаным садағаң деп

Жас Отанға жармаса оралғанбыз.

ЛИМАРА САЛИХ, тілші:

Шетелдегі қазақтың түгелі болмаса да, басым көпшілігі Сталин мен Голощекин заманында шетелге асқан бай мен бағланның ұрпағы еді. Алтай, Альпі, Памирды айналып, Түркия мен Еуропаға тарыдай шашылған сол ұрпақтың Қазақстан тәуелсіздік алғанда жыламай қалғаны кемде кем. Ол кездегі жас - қуаныштың көз жасы еді. Бүгін де сол ағайынның көзінде - жас. Бірақ, ол ненің жасы екенін біз ұға алмадық.

 

 

 

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян