Сөздің шыны керек

Сөздің шыны керек

22.05.14, 22:16

5777 0

Алдағы жексенбіде Украинада Президент сайлауы. Украинаның болашақ президенті кім болмақ және Украина Еуропа мен Ресейдің қайсысын одақтас ретінде таңдамақ? Әріптесім Жанар Жолтаева ақпандағы қанды Майданнан бүгінге дейін Украинаның тапқаны мен жоғалтқанын сараптап көрді.

Украинаны қанға бөлеген төңкерістен кейінгі президент сайлауының 23 үміткерінің көшбасшыларын анықтау тым қиын. Үміткерлер арасында партия жетекшілері, экс-министрлер мен олигархтар көп. Бірақ, саясаттанушылар мен экзит-пол Петр Порошенко, Юлия Тимошенко және Тигипконы үздік үштікте болады деп болжайды. Украина үшін мінажат ететін, Ресейге қарсы жалпыұлттық қозғалыс құрған, түрмеден шыққан бетте Киев Майданында мүгедек арбасымен келген Тимошенколардың көшбасшы атануы заңды да.

ЮЛИЯ ТИМОШЕНКО:

Кімде-кім әділ жолмен сайланбайынша, барлық талаптар орындалмайынша,  тұрған орындарыңызды тастап кетуші болмаңыздар. Соңына дейін күресеміз. Бізге халықтан алшақ тұрған мұндай саясат керек емес. 

Киев Майданы Украина президенті Виктор Янукович билігінің Еуропа одағымен қауымдасу туралы келісімнен бас тартып, Украина парламентінің митингтерге қатысушылар туралы заңдарды күшейтіп, оппозицияның шатырлы қалашығын қуудан соң, күрт күшейіп кеткен. Жүз емес, мың емес, миллиондаған украин билікке Ресей емес, Еуроодаққа бет бұрамыз, Украина парламенттік-президенттік басқаруға көшсін, 2004 жылғы Конституцияны қайтар деген талаптарын қойды.

Осыдан соң Янукович Үкіметті таратқанымен, оппозиционерлер әр аймақта әкімшілік ғимараттарды басып алып, милициямен қақтығысу көбейді. Ал, 18 ақпан күнгі қақтығыстан 77 адам көз жұмып, үш күннен соң, Янукович Ресейдің қолтығына қашып тығылды.

ВИКТОР ЯНУКОВИЧ, Украинаның экс-президенті:

"Мені ешкім төңкеріп тастаған жоқ. мен Украинадан жеке басым мен туыстарыма қауіп төнген соң, мәжбүрлі түрде кеттім. Ал, билікті  фашистік, террористік топ басып алды. Біз Украинаның Конституциялық реформаларын қыркүйек айына дейін жалғастыруымыз керек еді. Мен әлі де күресті жалғастырамын".

Елін анархиялық жағдайға тастай қашқан Януковичтің күресі осымен аяқталды. Ал, Янукович пен оның командасының алтынмен апталған Сарайлары мен миллиардтап жеген қаржысы сол сәтте-ақ бүкіл әлемге әшкере болды. Украина билігін уақытша Турчинов пен Яценюк қолға алғанда, аяқ астынан Қырым референдум өткізіп, Ресейге қосылып кетті. Ресей заңы да сол секундтарда болмаса да, сол аптада өзгеріп, Путин Қырымның Ресейге қосылғанын салтанатты түрде жариялап жіберді.

Федералды жиынға Ресей құрамына федерацияның 2 жаңа субъектілерін Қырым Республикасы мен Севастополь қаласын қабылдау жөнінде конституциялық заңды қабылдауды сұраймын.

Украинаның жаңа билігі Ресейдің Украинаның ішкі ісіне араласқанын қанша сынға алса да, Путин оны еш мойындамады. Тіпті, Барак Обама, Ангела Меркель сияқты Батыс мемлекеттерінің жетекшілері Ресей президентімен тікелей сөйлескеніне қарамастан, Кремль саясаты өзгермеді. АҚШ пен Еуропа Ресейге осы жағдайлар кезінде бірнеше санкция жариялады. Алматыдағы Украин консулы бұл әрекеттердің Ресейге ықпалы аз болғанын жасырмайды.

Қазіргі санкцияларды эквивалентке аударатын болсақ, Ресей Федерациясы Сочи олимпиадасына жұмсаған шығынмен пара-пар. Бұл 200 миллиард долларға жуық қаржы. Дәл осыншама соманы Ресей Қырымды өзіне қосатын болса да жұмсайды. Сонымен қатар, Луганск пен Донецк облыстарына аннекция жасалатын болса да, Ресей бұл шараға тағы 200 миллиард долларға шығындалуға мәжбүр болады.     

Украинадағы сеператизм Қырыммен бітпеді. Елдің Краматорск, Славянск, Донецк, Луганск сияқты ірі қалаларында Ресейге қосылуды көздейтіндер бірінен соң бірі әкімшілік ғимараттарды басып алып, референдумдар өткізуді жиілетті. Бүкіл әлем оларды сеператистер атап жатса, Ресей арналары оларды "федералистер" санатына жатқызды. Георгий таспасынан, КСРО-ны аңсаудан туған акциялардың Украинада немен аяқталғанын көрген қазақстандықтар да Солтүстіктегі 5 облысына алаңдай бастады. Өйткені, Жириновский мен Лимоновтың сандырағы дәл осы кезеңге тұспа-тұс келген. Киев Майданына екі рет барып қайтқан жас саясаткер Жанболат Мамайдың да бұл туралы өз тұжырымы бар.

Украинаны бөлшектеп, территориялық тұтастығынан айырғысы келетіндердің қарасы күн сайын көбейіп, оған сыртқы күштер дем бере бастаған соң, Украина билігі сепаратистік әрекеттерді тоқтату операцияларын бастады. Мамыр айының басындағы осындай операция кезінде 48 адам күйіп өлді. Бірақ, олардың қандай газдан, неғып бір минуттың ішінде қырылып кеткенін ешкім нақты айта алмады. Осыған қарамастан, Украина билігі өзінің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтау үшін барлық істерге бекем екенін аңғартты. Батыс та Украинаның өзі ғана өзін қорғап қала алады деген позицияға көшті. Ресей де дүркін-дүркін елді дүрліктіріп қойғанымен, ары қарайғы ақпараттық шабуылдарын азайтқан сияқты. Енді 25 мамырдағы сайлауды Украина ойдағыдай өткізе алса, онда саяси дағдарыс шешілуге тиіс деген болжам көп. Халықаралық стандарттарға сай дайындалған Украина үш күннен соң басыбүтін Еуропаға бет бұруы әбден мүмкін.

РАСУЛ ЖҰМАЛЫ:

Бәлкім Порошенко жеңуі мүмкін, мүмкіндіктері әлде қайда жоғары, бәлкім Тимошенко. Бірақ олардың билікте қалу, қалмауы тек қана жеңіспен айқындалмайды, немесе дауысьтарды көп жинаумен айқындалмайды. Шын мәнісінде мемлекеттің, ұлттың саясатын жүргізе ме, қоғамның мүддесін қорғай ма, жеке өз басын кенелтуге, баюға жұмсай ма кезіндегі Янукович сияқты немесе Украина азаматтарының ойын ойлай ма осыған байланысты.  

Украинада болып жатқан жағдай Қазақстанда қайталанбас үшін ішкі саясатымызды нығайтуымыз керек. Себебі елімізде Украинадағы сияқты идеялық сепаратизм басым, бұл ақпараттық қауіпсіздікке тікелей байланысты -дейді саясаттанушылар. Тіпті халықаралық келісімдер де жау шапса, қорған бола алмайды -дейді саясаттанушылар.    

Досым Сәтбаев Қазақстанда кедей мен байдың емес, орта кластың әлеуметтік базасы жасалуы керек. Биліктің қорғанышы сол. Екіншіден, қоғамның басым бөлігін біріктіретін идеялық ортақ жүлге болуы тиіс. Қазақтың өз ішіндегі бәсеке мен қазақ тілді және орыс тілді қоғамның арасындағы жіктелушіліктің бары екені белгілі.

Қазақстанның Украина дағдарысынан алатын жалғыз түйіні: саяси процестерде ұсақ-түйек ештеңенің болмайтындығы. Ел ішіндегі түйіткілі көп, ұлттық тіл, ұлттық мүдде, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің қай-қайсысы да кез-келген сәтте жарылуы мүмкін бомбадан бір кем емес. Дәлел керек пе? Дәлелі тағы да - Украина.

 

 

 

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян