"Азия" тобының әншісі Ренат Баситовтың жағдайы

"Азия" тобының әншісі Ренат Баситовтың жағдайы

30.05.14, 19:38

36666 1

Өткен жұма күні апатқа ұшырап, жақындары ғана емес бүкіл ел уайымдаған "Азия" тобының әншісі Ренат Баситов көзін ашып, елмен сөйлесе бастады. Екі отадан кейін бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, сейсенбі күні палатаға ауыстырылған әншінің жағдайы жақсарып келеді дейді дәрігерлер. Апаттың қалай болғандығы мен Ренаттың бүгінгі хәлін әріптесім Аида Боранбай біліп қайтты.


Қасиетті жұма күні болатын. Осыдан тура бір апта бұрын "Азия" тобы бейнебаян түсіру үшін Балқашқа барған еді. Күн райы қолайсыз болғандықтан, кері қарай үйлеріне бет алған жігіттер дәл сол күні жол көлік апатына ұшырайтынын әрине сезбеген еді...


 "Азия" тобы бейнебаянды Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған Лұқпан Жолдасовтың дәл осы "Жаным" деген әніне түсіру керек еді. Ал, жолға шығардан бір күн бұрын Ренат жаңа тұлпар алғанын "Инстаграмға" жариялаған болатын. Су жаңа көлікте Ренаттың өзі, "Азия" тобының тағы бір мүшесі Нұрсұлтан, актриса Азиза мен шаш пен бет әрлеуші екі қыз отырған. Ал,топтың үшінші әншісі Ербол Ренаттардың артында өз көлігімен келе жатқан.


Апатқа түскен жігіттердің айтуынша, қарама-қарсы бағытта артында тіркемесі бар шамамен 6-7 трал темір конструкциялар тиеп келе жатқан. Сөздеріне сүйенсек, тізбектеліп келе жатқан габаритті тралдарға полиция жол бастамаған. Заң бойынша жол полициясы алдыда жүруі тиіс екен. Ренат камаздың өзін емес, жанынан бірнеше метр шығып тұрған темірді көлігімен жанап өткен. Нәтижесінде көліктің сол жағы түгел жұлынып кетіп, көлік 800 метрдей жол бойына шығып, шұңқырға барып бірақ тоқтаған. Қазір су жаңа көліктің апаттан кейінгі түрі мынау.   


Аида БОРАНБАЙ, тілші:


Апатқа түскен Ренат Баситов пен актриса Азиза бірден дәл осы Қарасай аудандық орталық ауруханасына жеткізіледі. Алайда жол бойы көп қан жоғалтқан Ренаттың жағдайы уақыт өткен сайын нашарлай бастаған. Бірнеше сағат өткен соң дәрігерлер әншіге шұғыл түрде сирек кездесетін 4 топтағы қан керектігін айтады.


Өнер жұлдыздары бірден халықтан көмек сұрауға кіріседі. Әлеуметтік желілерге Ренатқа қан керектігі жазылғаннан кейін, бүкіл ел сүйікті әншісінің ауыр халде екенін біле бастайды.


Ренаттың қазір жағдайы орташа дейді дәрігерлер. Көзін ашып, өз-өзіне келе бастаған соң біз де оның амандығын тілеп, жағдайын білуге ауруханаға келдік. Ауыр халде жатса да әнші тек біздің арнаға бір ғана себеппен сұхбат беруге келісті. "Өмірімнен жұрт сабақ алса екен" дейді ол.


Ренаттың ұлы Ерасыл қазір жеті жаста. Әкесінің жағдайына қатты алаңдайды бала жүрек. Бүгін ол әкесінің жанында отырып, сүйікті әнін айтып берді.


Көңілі жабырқау екенін Ерасыл ешкімге білдіртпей жүрген. Бірақ баланың ақ көңілі бір мезетте босай кетті. Апасы оны түсінеді де.


Біз ауруханаға барған кезде Ренаттың бүгін туған күні екенін білдік. Ол өмірінде бірінші рет бұл күнді төсек тартып қарсы алды. "Өмірге қайта келдім" деген ол бірінші Аллаға, екінші Қарасай аудандық ауруханасында жұмыс істейтін Максим есімді мына дәрігерге алғысын жаудырды. Аурухананың білікті мамандарының себебімен аман қалдым дейді ол.


Құдай сақтап апаттан бәрі аман қалды. Бірақ соғылған кезде көліктен ұшып түскен Азизаның жағдайы әлі ауырлау. Қазір ол Қалқамандағы 7-ші клиникалық ауруханаға ауыстырылды. Актрисаға әлі де көмек қажет. Жүрегі кең жандар телефон арқылы хабарласып, қаржылай көмек көрсете алады. Ал, Алдағы күндері Ренат тағы бір отаға дайындалады. Операция оның апаттан зақымданған қолына жасалмақ.


Ал, қарапайым халықтан бастап оның жақындары мен әріптестеріне дейін Ренат пен Азизаның сауығып, орнынан тұрып кетуін ары қарай тілей бермек. Өйткені "Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл". 


Ренат, Азиза сіздердің тез сауығып кетулеріңізді тілейміз!

 

  

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 1 )

Жанагул Дабылова 977 дн. назад
Ринат және Азиза тез сауығып кетіңіздер. Мен сіздерге зор денсаулық тілеймін.
Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян