Сөздің шыны керек

Сөздің шыны керек

12.06.14, 20:06

6627 0

Ет десе елеңдесіп, езуіне сілекейі үйіріліп, еміренбейтін қазақ жоқ. Бірақ, ел қандай ет жеп жүр? Базар мен ірі дүкен сөрелеріне өзге елден ағылып келген, қысы-жазы бір кейіпте, не бұзылмайтын, не түрі, не түсі өзгермейтін ет өнімдерінің құрамы қандай?

Дабыл қаққан тұтынушылар құқын қорғау қорының төрағасы, қауіпті деп, бірінші кезекте Қытайдан келетін ет өнімдерін айтып отыр. Бір сөзбен айтқанда, қиырдан жеткізілген еттің көбі химиялық жолмен, жасанды  әдіспен дайындалады екен. Сапасы  күмәнді  болғанымен, есесіне бағасы арзан.

Ал, бұл  халық арасында «Көк базар» деген атаумен танымал Алматының ең ірі  базарларының бірі. Қытайдың арзан еті мұндағыларға да қолбайлау болып отыр. Ал,  саудагерлерден  көрші елден сиыр еті деп жеткізіліп жатқан еттің біршама бөлігі "қытайлық шошқа еті" дегенді естігенде, таңдануға болмас. Өйткені,«Қазақстанның Халал индустриясы» қауымдастығының төрайымы Гүлжазира Нұралбаеваның өзі де мейрамханалар мен кәуапханалардың кейбірі  сиыр еті деп, шошқа етін сатып алып жатқанын бұған дейінде бірнеше рет айтқан. Бірақ билік елең еткен жоқ. Бұл жағдайды министр де  білген. Бірақ, арам етке қарсы тұрар  министрлікте қауқар жоқ.

АСЫЛЖАН МАМЫТБЕКОВ, ҚР Ауылшаруашылық министрі:

Оның техникалық реттеу стандартына сәйкес, сәйкес еместігін қадағалайтын мемлекеттік орган жоқ болып тұр.

Азығымыздың адалдығын СЭС мамандары да қадағалай алмайды. Өйткені оразаның алдында бос күні қалмаған тойханаларды тексеруге мораторий жарияланған. Іргеден енген ет өнімдеріне қатаң  бақылау керек деп, талай жылдан бері жыр етіп жүрген  "Халал" қауымдастығының  да үкіметтен қайыр күтуі бекер болды. Өйткені, министрлер үшін өзге малдан гөрі дәл қазір  доңыздың еті әлдақайда  маңыздырақ болып тұр.

Сөйте тұра қыруар квота бөлдіріп алған Досаев мырзаның, енді шошқа  етінен жасалған шұжықтар арқылы Қазақстандық өнімді  бүкіл әлемге қалай танытамын деп басы  қатып жүргенде, әзірге ет жерде  «бісіміләні" айта тұрудан  басқа  амал жоқ. Себебі, тағам таңдарда сертификат сұрап, сараптамадан өткізетін тұрғындар  бірді-екілі  ғана. 

Билік  бейжай қарап келгенімен, "Халал" қауымдастығының  "доңыз етін сиыр етіне айналдыруға болады" деп тосыннан айтқаны ақыры айдай келді. Жаға ұстатарлық бейне материалды  жақында  Қытай аспаздарының бірі ғаламторға  жариялаған.

Доңыз етін сиыр етіне ұқсас етіп дайындау үшін, аса ақылдың  керегі жоқ екен. Оны тек сиыр етінің қоспасы араластырып жасалған арнайы ерітіндіде екі сағаттай ұстаса жетеді. Егер бұл ерітіндіге шошқа еті салынса, оның дәмі де, түсі де сиырдың етінен еш айырмашылығы болмай қалады. Мұны тек генетика деңгейіндегі терең сараптама ғана анықтай алады. Бұл сиқырлы қоспалар құзырлы мекемелердің рұқсатынсыз, Қытай дүкендерінде емін-еркін саудаланады. Сондықтан осы күнге дейін экспортқа "жалған халал" өнімнің қанша мөлшері  шығып кеткенін шамалап жорудың өзі мүмкін емес.

2010-2011 жылдары Қазақстанға 10 мың тонна сиыр еті жеткізілген. 2012 жылы - 13 мың 900 тонна, 2013 жылы - 15 мың 380 тонна ет сырттан әкелінген және бұл Кедендік одақ елдерін қоспағандағы нәтиже. 

Соған қарамастан, өз етімізді шетелге экспорттаймыз. Президенттің тапсырмасына сай, 2016 жылға дейін Қазақстан жылына 60 мың тонна етті сырт мемлекеттерге  жіберуі керек. Яғни бұл, онсызда елімізде бағасы шарықтап тұрған еттің тағы да қымбаттауына әкеп соғады деген сөз.

Бүгінгі берілген ақпарат бойынша, 2014 жылдың  жоспары бойынша, 4,5 мың тонна. Сонда қай уақытта біз 60 мыңға жетеміз?

Көктен алынған  цифрға  2 жылдың  ішінде жететіндерініне  Ерболат Досаевтан өзгесі әзірге  сенбейді.

Кезінде еттің отаны саналғанымен, қазір етке зәру Қазақстанға ет таситын елдердің саны қисапсыз. Сондықтан, мамандар тұтынушы қауымға барынша сақ болуын ескертеді.  Қазақ «ас - адамның арқауы» дейді. Алайда «ауру - астан» болатынын да естен шығармаған жөн.

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян