Сөздің шыны керек

Сөздің шыны керек

19.06.14, 19:55

5647 0
Құрылыста жүріп құрбан болған адамдардың саны күн санап көбейіп барады.  Мұндай жағдайдың жиілегені сонша, қазір кейбір азаматтар елеңдемейтін болып алған. Құрылыс нысандарында қаза тапқандар үшін сонда кім жауап береді? "Сөздің шыны керекте".

БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ, тілші:

Құрылысшы жұмысқа кетерде жақындары қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп отыруы тиіс. Өйткені мынадай дулыға мен қарапайым шынжырдың өзі адамның өмірін сақтап қалатынын ұмытпау қажет. Осындай қарапайым талаптарды сақтамаудың салдарынан кейінгі кездері бақытсыз жағдайлар жиілеп кетті.

Соңғы 10 жылда құрылыста зардап шеккендердің жалпы саны жүз мыңдап саналады екен. Қайтыс болғаны бар, жарақаттанғаны бар. Бұл - 1979-1989 жылдар аралығындағы Ауғанстандағы соғыс құрбандары мен мүгедектерінен бірнеше есе көп. Құрылысшылардың өздері білетін дерек осындай.

7-ші қабаттан құлап кеткенде бар өмірім көз алдымнан зу ете қалды. Біткен жерім осы шығар дегенмін.

25 жастағы Мәулен үшін мұның бәрі қорқынышты түс сияқты. Осыдан 7 жыл бұрын білім алмаққа Астанаға келген бозбала, оқуға түсе алмаған соң құрылысқа жұмысқа тұрған екен. Бар ойы - қаражат жинап келер жылы қалаған университетінің ақылы бөліміне түсу еді. Алайда, қиналып еске алатын сол бір сәт бар арманын желге ұшырыпты.

МӘУЛЕН, Астана қаласының тұрғыны:

Көзімді ашсам ауруханада жатырмын. Аман қалғаныма қуанудың орнына өмір-бақи мүгедек болып қалдым ба деп қорықтым. Өмір сүргім келмей кеткен кездер де болды. Бірақ шыдап, аяғымнан тұрдым. Содан кейін құрылыстың маңайына да жолаған емеспін.

Дәл осылай аяқ астынан опық жегендер жетерлік. Алайда, олардың бәрі де Мәулен сияқты болған жайтты жариялы түрде айтқысы келмейді. Бір ғана Астанада биыл алғашқы жарты жылдықта өндірістегі жазатайым оқиға барысында 17 адам қаза тапқан. Оның 13-і құрылысшы. Жабдықты дұрыс пайдаланбай немесе биіктен құлап мертіккендері қаншама.

Жуырда ғана жаңа салынып жатқан тұрғын үйдің 4-ші қабатынан бір жұмысшы құлап, ауруханаға түсті. 19 жастағы өрімдей бозбаланың сынбаған жері қалмаған. Дәрігерлер жас жігіттің болашағына осы жарақаттың кесірі тие ме деп қауіптенеді.

АЙНҰР АХМЕТОВА, травматолог-дәрігер:

Енді оны операциядан кейін ғана білуге болады. Жұлынына зақым келген соң мүгедектік болуы мүмкін. Өзі жас, тез жазылып кетеді деп ойлаймыз.

Оның алдында «Көркем» тұрғын үйінің құрылысында 18 құрылысшы 17-ші қабаттан құлап, темір-терсек үйіндісінің астында қалған еді. Құдай сақтап бәрі дін аман. Бұл нысан бас прокуратура ғимаратына жақын болғандықтан ба, әлде Бұқаралық ақпарат құралдарында жария болып кеткен соң ба, әйтеуір бірден қылмыстық іс қозғалды. Арада 4 күн өткенде Орал қаласында да 58 жастағы құрылысшы биіктен құлап қаза тапты. Барлық жағдайда мердігерлер «жұмысшы қауіпсіздік ережесін сақтамаған» деп ақталады.

ӘЙГЕРІМ ТӘҢІРБЕРГЕНОВА, Астана қаласы Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бөлім басшысы:

Мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерісі барысында азаматтарлы еңбек шартынсыз жұмысқа алу фактілері анықталады. Ол көбіне жұмыс берушілердің тарапынан жалақыны толық төлемеу немесе жазатайым оқиға кезінде келтірілген зиянды өтемеу мақсатында жасалады.

НАҒМЕТ МҰРСАЛОВ, травматолог- дәрігер:

Жедел жәрдем бригадасы алып келгенде қайдан алып келгенін жазады. Адресі құрылыс нысаны болып тұрады. Бізге келгеннен кейін құрылыста болған жоқ, үйде болды дейді. Алған жері үйде болып, құлап қалып құрылысқа барып сол жерден жедел жәрдем шақырмайды ғой.

Мұның бәрі білікті мамандардың жоқтығынан. Құзыретті органдардың қайталап айта беретін сылтауы бұл. Алайда, қолдарынан келетін техникалық жағдайды да дұрыстап тексере алмай отыр. Осы айдың басында құрылыс краны құлап, 51 жастағы краншы әйел қайтыс болды. Апатқа бірнеше нысанда пайдаланылған жабдықтың тозығы жетуі себеп болуы  мүмкін. Қазақстанға еңбек сіңірген сәулетші Серік Рустамбеков мұндай жағдайдың талайын көргенбіз дейді. Бәленің бәрі биліктің өзінен келетініне сенімді.

СЕРІК РУСТАМБЕКОВ, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі:

Қазір не көп? Құрылым компаниясы көп. Оған лицензия алу деген тіпті оңай нәрсе болып кетті. Әйтеуір бір қағаздарды тапсырып, парасын төлеп қолына лицензиясын түсіріп алады. Қазір құрылыс компанияларын кім басқарып отыр? Арасында дәрігер де жүр, суреткер де жүр, құрылысқа ешқандай қатысы жоқ адамдар.

Жыл басынан бері елорда шенеуніктері 153 тексеріс жүргізіп, 222 заң бұзушылықты анықтаған. Алайда, қазіргі уақытта тексерістерге мораторий жарияланыпты. Енді тек құрылы нысандарын аралап, түсіндіру жұмыстарымен ғана айналасып жүр екен.

БАҚЫТНҰР ӘЛІБАЙ, тілші:

Айтпағымыз  - құрылыста жұмыс істемеңдер деген үндеу емес. Алайда, шыны керек шенеуніктер қанша тексерсе де, сіз өміріңізге өзіңіз ғана жауаптысыз. Тиісті еңбек шартын толтыру  мен белгіленген талаптарды бұлжытпай орындау - амандығыңыздың кепілі.
Үйіңізге дін-аман оралуыңызды күтетіндердің көп екенін естен шығармағаныңыз абзал.

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян