Ең көп грант қай пәнде?

Ең көп грант қай пәнде?

10.07.14, 22:15

12217 0

Ұлттық бірыңғай тестілеу біткенімен, енді  Білім және ғылым министрлігінің басқа уайымы басталды. 1 айдан соң жоғарғы оқу орнына түсуге талпынған жастардың болашағы шешілмек. Турасын айтқанда білім гранттары үшін талас қызбақ. Тегін оқуға мүмкіндік беретін жеңілдіктің қалай бөлінетіні жайлы «Сөздің шыны керектен» бірге көрейік.

Биыл жоғарғы оқу орындарында тегін оқуға 34 мың 165 грант бөлініпті. Ал одан үміттілердің саны 3-4 есеге көп. Осы жылы мектепті бітіргендердің өзі 100 мыңнан асады. Оған кешенді тестілеу тапсырғандарды қосыңыз. Жылда қайталанатын жағдай. Сондықтан түлектер мен олардың ата-аналары бұл науқанға ерте қамданады.

АЙНҰР ИКРАМБАЕВА, талапкер:

Өзім медицина таңдамақшы едім. Бірақ балл жетіспей қалды. Енді басқа мамандықтарды көрем. Қазір аграрлық факультеттерді қарастырып жатырмыз.

ШОЛПАН ӨСКЕНБАЕВА, ата-ана:

Әйтеуір оқыса болды. Өзінің таңдағанын, өзінің ұнатқанын. Бізге грант, грант емес пе бәрібір.

Өзі таңдаған мамандығы бойынша диплом алып, қызмет істеп жатқандардың бірі - Әміржан Мешелов. Осыдан 14 жыл бұрын мектепті бітіріп, аттестатын құшақтап елмен бірге Астанаға аттанады. Тестті тапсырса болды, өттім деп ойлаған жас жігіттің бар ойы оқу орнында өзгерген.

ӘМІРЖАН МЕШЕЛОВ, Астана қаласының тұрғыны:

Бірінші талаптанғанда түсе алмай қалдым. Содан кейін келесі жылы қазақ тобы болмай, амалсыз орыс тобына түсуге тура келді. Немесе Алматыға ауысасың деді қазақ тобына. Арнайы Астанаға ат басын бұрып келген соң қалуға бел будым.

Әміржан алғаш келген жылы жинаған балымен қазақ тобына оқуға түсе алмаған еді. Ал өзімен бірдей балмен орыс бөліміне тапсырғандар еш қиналмай грант иемденіп кетіпті. Бұған мысал ретінде былтырғы байқау нәтижелерін алса болады. Бәріне себеп - гранттың тең бөлінбеуі. Әлі күнге бұл байқауда орыс тілінде бітіргендердің бәсі жоғары екені ешкімге жасырын емес.

АЛМАС ТҰРТАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ұлттық бірыңғай тестілеуге мемлекеттік тілден қатысушылардың өзінің пайыздық көрсеткіші 70 пайыздан көп. Ал грант 60 пайыз күйінде қалып келе жатыр. Білім грантының бөлінісіндегі бұлардың сүйенетін методикасы түсініксіз. Менің ойымша оны өздері де түсіне қоймайды.

Ресми мәліметтер бойынша орыс тілінде бітірген әрбір 3 түлекке 1 гранттан келеді екен. Ал қазақ тіліндегі оқу бөлімі үшін 1 грантқа 5-6 адам таласқа түседі. Кейбірі сол себепті тегін оқу мақсатында орыс тілін таңдап жатады.

ЖАНДОС МОЛДАШӘРІПҰЛЫ, талапкер:  

Ондай ойлар болады. Бірақ қанша дегенмен қазақ тілінде оқыған дұрыс деп ойлаймын. Иа орыстардыкі төмен болады әрдайым. Ал қазақ балаларыныкі жоғары болады.

Бұл мәселе соңғы 10 жылда қоғамда қызу талқыланды. Депутаттар да парламентте шулады. Алайда білім және ғылым министрлігі аталған түйткілді шешуді тек биыл ғана қолға ала бастаған.

ҚАРЛЫҒАШ ӘБУОВА, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары білім департаментінің бас сарапшысы:

Қазақ мектебін бітіргендерге 65 пайыз, орыс мектебін бітіргендерге 35 пайыз бөлінді. Комиссияның шешімімен 65-те 35 болып отыр.

Жоғарғы оқу орындарындағы оқулықтар мен әдістемелік құралдар орыс тілінде. Жауапты министрліктің жауыр болған жауабы бұл. Білікті ұстаздардың да дені қазақ тілінде дәріс бере алмайды дейтіндері тағы бар. Депутат Қамал Бұрханов, мұның бәрі өз дәрменсіздіктерін бүркелемелеу үшін айтылған сылтау ғана дейді.

ҚАМАЛ БҰРХАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгінгі таңда кез келген университеттердің, әсіресе мынау ірі-ірі университеттеріміздің бәрі қазақ тілінде дәріс беруге әзір. Потенциалымыз бар, кадрлеріміз бар. Сондықтан прапорцияны сақтауымыз керек.

Ол тепе-теңдік мектеп бітірген бала санына сай болуы тиіс. Әйтпесе, ауылдан келген жастар грантқа қолы жетпей үйіне оралып, бағын келесі жылы сынайды. Немесе амалсыз тілін сындырып орысша білім алады. Екінің бірі.

ӘМІРЖАН МЕШЕЛОВ, Астана қаласының тұрғыны:

Сол кезде қазақша факультет болғанда оқитын едім.

«Әттең, орыс бөліміне тапсырсам қалай болар еді?». Грант бөлу аяқталғаннан кейін осы бір өкінішті сұрақ, көптің көкейін күйдіретіні анық. Сөздің шыны керек, жылына 400-500 мың төлеп оқуға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Жоғарғы оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болғандардың есімі тура 1 айдан кейін белгілі болады. Сол кезде тағы да мектепті ана тілінде бітіргендеріне өкінетіндер болмаса игі.

Достарыңызбен бөлісіңіз

Жаңалықтарға оралу

Комментарии ( 0 )

Басқа да көретіндеріңіз

Жаңа бейнебаян